фото: pixabay.com
Қазақстан көрші елдерден келетін бедеу ерлі-зайыптылар үшін тартымды елге айналып отыр. Біздегі емханаларында жасанды ұрықтандыру бағдарламасының бағасы төмен, ал ел заңнамасы суррогат ананың қызметін пайдаланатын жұптарға ыңғайланған. Біздің елде біреудің баласын көтеріп жүрген әйел оны өзіне алып қала алмайды, сәбиді генетикалық ата-анасына беруге міндетті.
ҚР-да суррогат ана болу қатаң реттеледі және жүктілік кезінде фигурасын бұзудан қорқатын бай әйелдердің ыңғайына жығылмайтынын атап өткен жөн.
Заң бойынша суррогат ана қызметін тек мына шартты орындаған ерлі-зайыптылар пайдалана алады: некесі тіркелген, бедеулік диагнозы қойылған, әйел физиологиялық тұрғыдан бала көтеруге және босануға қабілетсіз екені нақтыланған.
Суррогат ана бағдарламасы қымбат тұрады. Ranking.kz редакциясы осы қызмет нарығына мониторинг жүргізіп, суррогат іздеудің кем дегенде үш арнасын тапты.
Ең қарапайым және арзан, бірақ заң жағынан ең қауіптісі — агрегат сайттардағы немесе әлеуметтік желілердегі жеке жарнамалар.
Оған сенсек, қазақстандық суррогат аналар 2,5 млн теңгеден 9 млн теңгеге дейін сомаға өзгенің баласына уақытша ана болуға дайын.
Сонымен қатар, олардың қызметіне ең жоғары бағаны бедеу жұптарға бала әкелуде қомақты тәжірибесі бар әйелдер белгілейді.
Суррогат ананы табудың екінші нұсқасы — репродуктивті медицина клиникасына тікелей хабарласу.
ЭКҰ орталықтарына мониторинг жүргізген кезде олардың аз ғана бөлігінде сенімді суррогат аналардың жеке мәліметтер базасы бар екені белгілі болды.
Бұл әйелдер қызметінің құны — 3-7 млн теңге аралығында.
Фото pexels.com
ЭКҰ клиникаларының көбінде үміткерлердің жеке тізімі жоқ және олар суррогат ана агенттіктерінің қызметін пайдалануды ұсынады.
Қазақстанда мұндай ұйымдардың саны туралы ресми мәлімет жоқ. Нарықты саралай келе Алматы мен Астанадан осындай 10-нан астам агенттікті анықтадық.
Олардың сайтындағы деректерге қарағанда, суррогат ана ақысы 4,5-8 млн теңге аралығында ауытқиды.
Сондай-ақ ресейлік агенттіктердің Қазақстандағы суррогат аналардың қызметтері туралы хабарландырулар да желіде жарияланған. Мұндай жағдайда құны жоғары: 7 млн теңгеден 13 млн теңгеге дейін.
Бұл сандар — ерлі-зайыптылар төлейтін толық сома емес. Бұл ерекше қызмет тек қымбат репродуктивті технологияның көмегімен жүзеге асуы мүмкін.
Сондықтан ЭКҰ бағдарламаларының құнын ескеру қажет. Генетикалық ата-ананың мұндай жағдайда жұмсайтын шығынын есептеу кезінде біз барлық негізгі міндетті және қосымша қызметтерді ескердік.
Суррогат ана шығынының негізгі пакетіне әйелдің соңғы жарнасы ғана емес, оның ай сайынғы күтімі де (200 мың теңгеден 250 мың теңгеге дейін) кіреді.
Міндетті шығын — генетикалық ата-анаға арналған ЭКҰ бағдарламасын тікелей жүзеге асыру медициналық тексеруді есепке алғанда 1,5–2 млн теңге тұрады.
Аталық жыныс жасушаларын жою немесе эмбрионға қосымша генетикалық зерттеу жүргізу үшін хирургиялық медициналық процедураларды жүргізу қажет болса, сома одан да жоғары болуы мүмкін.
Міндетті шығындарға генетикалық ата-аналар мен суррогат ана арасында келісім жасау бойынша нотариалдық қызметтер де кіреді: шамамен 60 мың теңге.
Осылайша, суррогат ана бағдарламасының маңызды кезеңдерін жүзеге асыруға қажетті негізгі сома — 6,7 млн-11,3 млн теңге аралығында.
Шығынның қосымша пакеті үшін тағы 3,1 млн теңгеден 4,2 млн теңгеге дейін бөлу қажет. Ол жүктілік немесе босану кезінде күтпеген жерден туындауы мүмкін шығындарды, сондай-ақ таңдау қызметтерін қамтиды.
Мысалы, мамандандырылған мекемеге хабарласқанда суррогат ананы таңдау үшін агенттік ақы талап етуі мүмкін (550 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейін).
Басқа қаладан келген генетикалық ата-анаға ұйымдар кураторлық қолдау мен патронаттық қызметтерді де ұсынады (бір жүктілікке 1 млн теңгеге дейін).
Бұл — агенттік кураторы суррогат ананы үнемі ауруханаға апаратын, туындаған мәселені шешуге көмектесетін және басқа мүмкіндік беретін нұсқа.
Қолдаудың VIP пакетіне тіпті суррогат ананың тамақтануын бақылау, оған кітап таңдау, оның үйін апта сайын тазалау және басқа қызметтер кіреді.
Маңызды қосымша қызметтерге табиғидан ерекшеленетін және дәрігерлердің ерекше назарын талап ететін суррогат ананың жүктілігін басқаруға арналған ақылы бағдарламалар (400 мың теңгеге дейін) және қалаған жағдайда ақылы босану (тағы 120–400 мың теңге) кіреді.
Егер суррогат ана егіз баланы дүниеге әкелсе немесе дәрігерлер босану үшін хирургиялық отаны таңдаса, әйелге қосымша өтемақы төлеуге тура келеді.
Суррогат ана бағдарламасы бойынша міндетті және қосымша қызметтерді қорытындыласақ, шығын мынадай: 9,8 млн теңгеден 15,5 млн теңгеге дейін.
Ұлттық банктің биылғы ақпан айындағы бағамы бойынша бұл сома 21,8 мыңнан 34,4 мың АҚШ долларына дейін жетеді.
Алынған мәліметті өзге елдердегі суррогат ана бағдарламаларының құнымен салыстырайық. Ашық көзден алынған ақпаратқа қарағанда, ең жоғары бағаны мұндай бағдарламаларға тыйым салынбаған Еуропа елдерінде табуға болады.
Мысалы, Чехияда суррогат ана бағдарламасы — 65–85 мың, Бельгияда — 54–65 мың, Данияда — 50–60 мың АҚШ доллары.
Ең жақын көршіміз Ресейде мұндай бағдарламалардың бағасы еуропалықтармен шамалас: 60 мың АҚШ долларына дейін барады.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через