Кешегі зұлмат жылдары НКВД ҚарЛаГ-тың Ақмола өңіріндегі арнайы бөлімшесі болған АЛЖИР-ге әйелдерді айдап әкелді.
Қақаған қыста киімсіз, аш жүрген талай ана іштегі сәбиін осы лагерьде босанды.
Сонда дүниеге келген сәбилердің ең алғашқысы Георгий Каретников. Қазір 85 жаста. Израильде тұрады. Біздің тілшілер ақсақалды сол жақтан тапты.
1937 жылы Кеңес өкіметі жазықсыз талай жанды соттап, көбін атып тастағаны белгілі. Сол тұста «Халық жауы» атанған есіл ерлердің әйелдерін де қудалады. Қазіргі Астананың іргесіндегі АЛЖИР - ресми 1938 жылы ашылғанымен әйелдердің алғашқы легі 1937 жылы әкеліне бастады. Олар осында арнайы барақтар салып, лагерьді өздері салды. Еңбекке жегілгендердің арасында жүкті әйелдер де бар еді. Соның бірі - Ольга Гальперина. Ол осында босанды. Бірақ баласын бауырына баспаған.
Георгий Каретников, Ольга Гальперинаның ұлы:
- Сегізге толғанша менде «ана» деген түсінік болмады. Балалық шағым лагерьде өтті. 8 жасқа толғанда күтуші әйел алысты меңзеп, анау келе жатқан сенің анаң, бүгін лагерьден шығасыңдар деді. Шешемді сол кезде алғаш кездестірдім.
Алдымен Ольга Гальперинаның бұрынғы күйеуі сотталады. Кейін ол араласқан барлық туысын қудалау басталды. Жас келіншек екінші рет тұрмысқа шыққанына қарамастан оны да АЛЖИР-ге әкетті. Тұтқын еңбекпен түзету лагеріне түскен соң, Георгийдің әкесі АЛЖИР-де дүниеге келген баласынан бас тартқан.
Георгий Каретников:
- Күнде таңғы 6-да Кеңес үкіметінің әнұраны ойнайтын. Әлі ес білмейтін бала болғандықтан, ұйқымды аша алмай, әзер тұратынмын. Бірақ әнұранды соңына дейін айтуға мәжбүр едік. Тамағы су татитын, бірақ амалсыз жедік. Шынын айтсам, ол кезде астың басқа дәмі болатынын білмейтін де едім. Күтушіміз де аш, бізді алдап әр баланың тостағанынан бір қасық ботқа жейтін.
Ақсақал көп естелікті ұмытқан. Бірақ, анасының музыкант болғанын біледі. Өзі де сол салада біраз жыл қызмет етті. Кейінге дейін АЛЖИР-дегі сұмдық жайлы ешкімге тіс жармады, тек үзіп-жұлып жұбайына ғана айтқан.
Екатерина Державина, Г. Каретниковтің жұбайы:
- 14-15 баланы бөлек барақта ұстаған. АЛЖИР-де болған талай сұмдықты естідім. Бір оқиға есімде: Грузиядан 1 вагон толы әйелдерді лагерьге әкелген. Оларды жаз кезінде ұстап алған. Ол сәтте тұтқындар жеңіл көйлек киініп шығыпты. Пойыз жеткенше қыс басталып кеткен. АЛЖИР-ге келген кезде вагон ішіндегі әйелдердің барлығы үсіп, қайтыс болған.
АЛЖИР-де бала тууға қатаң тыйым салынған. Бірақ түрмеде 1507 бала дүниеге келді деген дерек бар. Оның шамамен 90 пайызы сол жерде жан тәсілім етті. Өйткені, сәбилерге күтім жоқ, аналары ашқұрсақ жүрді.
Мұрат Төлебаев, тарихшы:
- Мұнда ешқандай жағдай жасалмаған. Жейтіндері екі қасық ботқа мен 1 ожау көже. Сосын 1 кесе шәй. Ешқандай медициналық көмек көрсетілмеген. Сотталғандардың ішінде бір врач әйел болған. Сол айтады: балаларды әкеледі дейді. Мені соларға қарауға қойды дейді. Ісініп, кеуіп кеткен беттері. Аштық кезде балалардың беттері аштан домалақ болып ісіп кетеді екен.
Бекзат Аманов, тілші:
- Біз дәл қазір Жаңакөш көлінің жағасында тұрмыз. Байқасаңыздар айдынның айналасы сары қамысқа толы. Бұл қамыс кезінде қаракөз қыздардың қайғысы болды. Неге десеңіздер, АЛЖИР лагерінде тұтқындалған әйелдердің барлығын осы көлдің жағасына әкеліп, қамысты орғызған болатын. Ол лагерьдің барағында отын, өздеріне төсеніш ретінде қолданылды. Көлдің жағасында жүріп, қамыс орған әйелдер аш-жалаңаш әбден зәрезап болған. Оларды осындай қиындықтарды жақын маңдағы қазақ ауылының азаматтары аман алып қалған еді. Бұл қазір көп жерде аңыз болып айтылып жүр.
Қуат Дүйсекеев, "Алжир" мемориалды-мұражай кешенінің қызметкері:
- Аталарымыз келіп, тас түсті лақтырған. Сонда сол кісілерді күзеткен күзетшілер сендерді қарапайым халық та жек көреді деп айnқан. Ал ол құрт болған. Сол құрт арқылы осында отырған әйел адамдардың өмірін аштықтан аман алып қалған. Өмірлерін ұзартқан.
Бұл Кеңес заманында дүниеге келген ұрпақтың бастан кешкені. Олардың әр естелігі тарих. Әр сөзі құжатқа бергісіз мәліметке толы. Кейбір ғалымның айтуынша, қуғын сүргіннің көп шындығы әлі де ашылмай жатыр.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/sayasat/item/602745-alzhir-abyr-asynda-al-ash-bolyp-tu-an-bala-izrailden-tabyldy
Любое использование материалов допускается только при наличии гиперссылки на www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через