фото: 24.kz
Алматылық ғалымдар қаланың ауасын тазарту үшін емен, арша, талшын ағаштарын көптеп егуді ұсынып отыр.
Әсіресе ұзақжылдық зерттеуден кейін талшынның қасиеті таңғалдырған. Қазір бұл жобамен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физиолог-генетиктері айналысып жатыр. Экологияны жақсартуға бағытталған ғылыми-өндірістік жұмыстар биыл көктемде басталады.
Емен, арша, талшын. Осы үшеуі ауадағы зиянды қалдықтар мен ауыр металды басқа ағаштарға қарағанда бойына тез сіңіреді. Ғалымдар осындай тоқтамға келіп отыр. Олар ғылыми-зерттеу жұмыстарымен 5 жылдан аса айналысқан. Содан кейін барып қана нақты іске көшті.
Оған қоса университеттің ғалымдары мен студенттері емдік шөп түрлерін де зерттеп жатыр. Соның бірі – Алтай үшқаты. Одан биологиялық белсенді қоспа жасап, адам ағзасын тазартуға болады. Жазда ғылыми топ Шығыс Қазақстан облысына экспедицияға аттанады.
Алтай үшқаты көбіне Алтай өңірінде өседі. Ал емен мен арша еліміздің әр түпкірінде кездеседі. Бірақ оның түрі көп. Соның бәрі емес, тек ішінде лас ауаны жинайтын түрі көбейтіледі.
Көктемде өсімдік түрлерін Алматы облысының Көлді агробиостанциясы тәжірибелік алаңында жерсіндіру жұмыстары басталады. Одан 500-ге жуық көшет алуды жоспарлап отыр. Ал келесі жылы Алматыны көгалдандыруға кіріспек.
Ақпарат дереккөзі: 24. kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через