фото: Информ бюро
Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасының аритмологтары жүрек қағысы бұзылған науқастарды емдеудің бірегей әдісін қолданысқа енгізді.
Емдеу мекемесінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, дәрігерлер жүрек қағысы бұзылған науқастарға кардиомонитор орнатуды қолға алды. Жаңа әдісті аурухананың интервенциондық кардиохирургия және аритмология бөлімшесінде аритмолог Қанат Ергешев қолданысқа енгізді.
Жүректің түрлі ақауларын анықтайтын диагностикалық аппарат алғаш рет 21 жастағы пациентке орнатылды.
Жас жігіт №7 ауруханаға бас айналу, бас ауруы, әлсіздік, есінен тану сынды белгілермен түскен.
«Науқасты жан-жақты тексердік, холтер қойдық. ЭКГ-холтер зерттеулері де жүрек қағысында айтарлықтай ақау жоқ деген нәтиже берді. Содан соң жүрек ішін электрофизиологиялық зерттеу әдісімен тексердік, ол да ештеңе көрсетпеді. Мұндай жағдайларда пациенттерге Reveal қондырғысын орнатып, үйіне жібереміз», - дейді кардиохирург.
Дәрігердің айтуынша, кардиомонитор терінің астына орнатылады. Көлемі кішігірім флэш-картадан аспайтын аппарат аурудың жүрек қағысын ұзақ уақыт бойы ЭКГ-мониторинг жасауға мүмкіндік береді.
Имплантты орнату 15 минут қана уақыт алады, операция жергілікті жансыздандыру арқылы жасалады және науқас ауруханада жатпайды. Аппарат жүректің электр импульстарын жазып отырады, аритмолог маман арнайы бағдарлама арқылы жүрек талмасы ұстаған кезде, адам есінен танған сәтте жүрек қағысы қалай басталғанын біліп отырады.
«Мәлімет қашықтықтан алынады, пациентті ауруханаға алдыртудың қажеті жоқ. Осылайша жүрек қағысын 3 жыл бойы бақылауда ұстай аламыз. Диагноз қойылғаннан кейін аппаратты алып тастау ешбір қиындық тудырмайды. Бұл аппарат күрделі диагноздарды анықтауға, ары қарай емдеу тактикасын айқындауға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Сәкен Анартаев.
Айтуынша,аталған қондырғы жас жігіттердің, мысалы спортшылардың кенеттен өліміне себепкер болып жататын жасырын жүрек дерттерін анықтауға көмектеседі.
«Reveal аппараты жүрек қағысының белгісіз себептері, есінен танып құлау, түсініксіз себептермен жиі-жиі бас айналуы, жүрек талмасы ұстап есінен айырылу, ара-арасында аз уақытқа ентігу, кеуде қуысының ауыруы, себепсіз шаршау сынды белгілер байқалған пациенттерге орнатылады»,- деп түсіндірді дәрігер.
Айта кетейік, жоспарлы емнің барлық түрлері, соның ішінде аталған процедура МӘМС арқылы қаржыландырылады.
Қазақпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через