Ем іздеп барып, емделмейтін кесел жұқтырған! Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханасының үш науқасынан ВИЧ инфекциясы анықталды. Дерт оларға қанды құю кезінде жұққан. Айықпас індетке шалдыққан жандардың қазіргі жағдайы туралы дәрігерлер тіс жарған жоқ.
Мәселенің анық-қанығын білуге СПИД орталығының мамандары мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменттің қызметкерлері кірісіп кетті. Тексерістің нәтижесі бойынша тиісті шаралар қабылданбақ.
Алматыдағы орталық қалалық клиникалық ауруханасының үш науқасынан ВИЧ инфекциясы екі апта бұрын анықталған. Сол уақытта қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы дереу комиссия құрып, қызметтік тексеріс жүргізіпті. Соның нәтижесі бойынша олар қауіпті дертті қанды құю барысында жұқтырғаны белгілі болған. Осылайша, басқа аурудан емделемін деп келген жандар айықпас індетке шалдықты.
Қанынан иммунтапшылық вирусы табылған науқастармен байланысты болған адамдар, донорлар мен аурухананың дәрігерлері сынама тапсырған. Бірақ зертханалық зерттеудің нәтижесі теріс шығыпты. Қазір осы емдеу мекемесінде жоспардан тыс тексеріс басталды.
Назгүл Иманғалиева, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: - Үш адамнан басқа жандардан ВИЧ анықталған жоқ. Бүгін қалалық санитарлықэпидемиологиялық бақылау департаменті орталық қалалық клиникасында жоспардан тыс тексерісті бастады. Оған Қазақ Дерматология және жұқпалы аурулар ғылыми орталығының мамандары да шақырылды. Тексеру нәтижелері бойынша уәкілетті органдар тиісті шаралар қабылдайтын болады.
Бұл жаңалықты әлеуметтік желі арқылы естіген өзге науқастардың жақындары шошып қалғандарын жасырмайды. Олардың айтуынша, аталған жайтқа ақ халаттылардың салғырттығы себеп.
Гүлбибі Елеуова: - Менің құрбыма тротуардан өтіп бара жатқан кезде қағып кеткен ғой. Соған операция жасалған кеше. Әрине, уайымдап қалдық кәдімгідей. Менің құрбым да жаңа естіген. Уайымдап ішке кіріп кетті. Басшылықтың салғырттығы болып есептелінеді. Басқалай артық ештеңке айта айлмаймын. Өте өкінішті жағдай.
Еске салсақ, үш жыл бұрын пандемия кезінде номері 12-ші аурухананың 147 қызметкерінен коронавирус анықталған болатын. Осы даудан кейін емдеу мекемесінің бас дәрігері қызметінен босатылған еді. Қазір бұл аурухананы бұрын қаланың бас дәрігері болған Нариман Табынбаев басқарады. Оған қандай шара қолданылатыны тексерістің нәтижесінен кейін белгілі болмақ.
Ал, емдеу мекемесінен ауру жұқтырып шыққан үш науқастың қазіргі жағдайына қатысты ақпарат жарияланбайды. Егер олар дәрігерлердің қателігінен адамның иммунотапшылық вирусы инфекциясын жұқтырғаны расталса қылмыстық іс қозалады.
Дереккөз ktk.kz. Фото smi24.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через