Алматыда үй жануарларына қатысты жаңа ереже күшіне енді

Алматыда үй жануарларына қатысты жаңа ереже күшіне енді

Оңтүстік астанада бүгінен бастап үй жануарларын аулау, уақытша ұстау, жансыздандыру және серуендетудің жаңа ережелері күшіне енді. Аталған ережені өткен айда Алматы қаласының мәслихаты бекіткен.

«Жаңа ережелер жануарларға қатыгездік көрсетудің алдын алуға, олардың санын адамгершілікпен реттеуге, қаланың ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ үй жануарларын ұстау және серуендету тәртібін реттеуге бағытталған», – деді Алматы қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берік Солтанбаев.

Енді егер жануар адамға, жануарларға шабуыл жасаса немесе адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, емделмейтін аурумен ауырса, онда ҚР заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, (эвтаназия) жансыздандырылады.

«Осыған орай, қалалық ветеринарлық қызмет бұралқы ит пен мысықты аулау қызметін жаңартты: уақытша ұстау пункті хирургиялық құрал-жабдықтармен және ветеринарлық препараттармен жабдықталған. Сондай-ақ 200 орындық қоршаулары бар модульдік блок орнатылды»,- дейді спикер.

Уақытша ұстау пунктінде жануарларды тіркеуден, тексеруден, иесін анықтауға арналған чиптің бар-жоғын сканерден өткізгеннен кейін жануарлардың суреттері Instagram желісіндегі @aulau_kyzmeti ресми парақшасында жарияланады.


Сұрауы жоқ жануарлар жұқпалы ауруларға диагностикалық және агрессиялық сынақтардан кейін ҰЗВБ процедурасынан өтіп, биркалар тағылып, бұрынғы мекендеу орындарына жіберіледі.
Қала тұрғындары осы жасыл биркаларға қарап, жануардың агрессивті емес және айналасындағыларға қауіп төндірмейтінін түсінеді.

         «Биыл қаңғыбас мысықтарға арналған үйлер орнату бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобаның мақсаты қажетті мәліметтерді алу. Үйсіз жануарларды қорғау әлеуметтік маңызы бар мәселе екенін түсінеміз және бұл мәселені шешуге әрбір адам қатыса алады. Қолға алған жануарлар үшін біз жауаптымыз», - деді Б.Солтанбаев.

Алматы қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету тәртібі үй жануарларының иелері мен жауапты тұлғалардың жауапкершілігін реттейтін жаңа ережемен айқындалады.

Жаңа ережеде «жауапты адам» - жануар иесінің жазбаша нұсқауы бойынша жануар иесінің құқықтары мен міндеттерін атқаратын адам сияқты ұғым енгізілді.

Осы ережедегі жаңашылдық, үй жануарларын қараусыз қалдыруға болмайды. Мұндай жағдай туындаған жағдайда үй жануарының иесі немесе жауапты адам жануарды уақытша ұстауға үй жануарларына арналған панаханаға орналастырады немесе үшінші тұлғаларға уақытша ұстауға береді, не жануарды зоологиялық қонақүйге орналастырады.

Жарақат пен зиян келтірмеу үшін ит иелері жануарларын жаңа ереженің талаптарына сәйкес серуендетулері керек.

Сондай-ақ, иттермен күзетілетін техникалық қызмет көрсету станциялары, автотұрақтар, қоймалар күндізгі уақытта иттерді қорада немесе қарғыбаумен ұстауы тиіс.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото veterinar-balakovo.ruwww.pinterest.com