Алматыда тамырлас түркі елінен келген фотоөнердің майталмандары жергілікті фотографтармен әріптестік орнату мақсатында бас қосты, деп хабарлайды Standard.kz порталы El.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отырып.
«FOTOSFER» халықаралық фотофестивалінің арт-директоры, фотограф Мұрат Гүр мен Ыстамбұлдағы Мимар Синан университетінің профессоры, фотограф Озан Билгисерен Қазақстанға үш күндік сапармен келіп, Алматыдағы фотография өнері бойынша білім беретін оқу орындарымен және осы салада тұрақты қызмет етіп келе жатқан ұжым өкілдерімен кездесулер өткізді.
Фотография саласындағы есімдері әлемге танымал тұлғалармен кездесулер «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында және Алматы полиграфиялық колледжінде өтті.
Алматы полиграфиялық колледжінде болған соңғы негізгі кездесуге шетелден келген меймандармен бірге еліміздегі фотография саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген Нұрманбет Қизатұлы, Асылхан Әбдірайымұлы, Фархат Қабдықайыров, Серік Мұқышұлы, Оңғарбек Алхаров, Дәурен Мақсұтханұлы және басқа да осы саланың майталмандары қатысты.
Еркін форматта өткен кездесудің басты мақсаты түркі елдеріндегі фотография саласын меңгерген мамандармен пікір алмасу, осы саланың ары қарай дамуына қолдан келгенше атсалысу болды.
Басқосудағы таныстықтан кейін Мұрат Гүр мен Озан Билгисерен өздерінің тың туындыларын көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар қонақтарға, 2017 жылы Әлемнің үздік 10 фотографының қатарына енген, белгілі фотоөнертанушы, фотограф Серік Мұқышұлы мен Қазақстанға танымал белгілі фотосуретші, математика ғылымдарының кандидаты Фархат Қабдықайыровтың таңғажайып туындылары қонақтардың назарына ұсынылды. Әр суретте тұтас тарих жатқан фотомамандардың туындылары меймандардың таңдайын қақтырды.
Басқосуға жиналғандардың әрқайсысы кезек-кезек әр сурет жайлы көкейлеріндегі сауалдарды жолдап, өз пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды.
Заманауи бейнелеу өнерінің бір саласы – фотографияның қас-қағым сәтте дүниеге келетінін көрсету мақсатында, келген қонақтарға «Aidahar Premium» фотостудиясының жетекшісі Оңғарбек Алхаров бастаған фотографтар қазақы киімдерді кигізіп фотосессия жасады.
Меймандарға жапқан шапан, киген бөрік, қолдарындағы қылыш пен садақтары құйып қойғандай үйлесім тауып тұрды. Қонақтар киімді киген кездегі ерекше әсерлерімен бөлісіп, қуаныштарын жасырып қала алмады.
Фотографияның қыр-сырына тереңнен үңілген соң қонақтарға киіз үй төрінен орын беріліп, ақ дастарханнан ұлттық дәмдер ұсынылды.
Жүздесуден соң, Алматы полиграфия колледжінің директоры, техника ғылымдарының кандидаты Билалдин Ахметов пен «Aidahar Premium» студиясының жетекшісі, фотограф Оңғарбек Алхаров естеліктер табыстаса,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Журналистика факультетінің аға оқытушысы, «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдірайымұлы шеттен келген бауырларына адамзаттың Екінші Ұстазы атанған ғұлама ғалым, ойшыл, философ Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала. Музыка туралы кітап» және «Бақыт туралы» құнды еңбектерін кәдесый ретінде сыйға тартты.
Елімізге алғаш рет аяқ басқан, Мұрат Гүр мен Озан Билгисерен қонақжайлыққа ризашылықтарын білдіріп, ыстық ықыластарын жаудырды. Сонымен қатар, фотографтардың еңбектерін жоғары бағалап, жұмыстарына сәттілік тіледі. Алдағы уақытта бірлесіп тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасағылары келетін тілге тиек етуді ұмытпады.
Мәтін авторы: Дәурен Мақсұтханұлы
Фотолардың авторы: Дәурен Мақсұтханұлы
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через