Алматыда түнімен жауын-шашын болып, көше арықтарын су басты

Алматыда түнімен жауын-шашын болып, көше арықтарын су басты

Алматыда 22 қарашадан 23 қарашаға қараған түні қатты жауын-шашын болып, қаланың проблемалық учаскелеріндегі арықтар суға толды.

Қала әкімдігінің мәліметі бойынша түнде қалада жаңбыр, тауда қар жауды, Шымбұлақта 20 см-ге қар түсті.

«Қала бойынша барлығы 52 бірлік техника, 27 мотопомп, 2390 дана ыдыс-қап және 104 жұмысшы жұмылдырылды. ТЖД желісі бойынша су басу шағымы тіркелген жоқ. Алайда проблемалық учаскелерде әсіресе, Райымбек батыр көшесінен төмен аудандарда арықтардың суға толып кету фактісі болды. Әрбір факт ескеріліп, суды бұру сияқты жедел шаралар қабылданды»,- деп хабарлады әкімдіктен.

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тауда абай болуға шақырды.  

«Қарашаның 23-25 аралығында жылымықтың әсерінен және қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алабында қар көшкіні жүруі мүмкін. Қиын жағдайға ұрынбас үшін тау бөктеріне шығуға тыйым салынады», - деп ескертеді қалалық ТЖД.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: tengrinews.kz