Алматыда тоғыз сантиметр қар түсті

Алматыда тоғыз сантиметр қар түсті
фото: © Photo : Пресс-служба акима Алматы

Ресми мәліметке сәйкес, қар бүгін түнгі сағат 03:00-ге дейін жауды. Қалыңдығы – 9 сантиметр. Бұған дейін көшеге 121 құм шашатын көлік шығарылған. Олар барлығы 1 416 тонна тайғаққа қарсы материалды шашып өтті. Түнде тағы қар жауды. Ал коммуналдық қызметтер уақытқа қарамай, жолдарды қардан тазартуға кірісті.

"Таңғы сағат бестеп бастап негізгі жолдар тайғаққа қарсы арнайы реагентпен өңделді. Сағат 8-де тротуарлар, қоғамдық орындар, аялдамалар мен жерүсті өткелдерді қардан тазарту жұмыстары қайта басталды", – дейді мамандар.

17 желтоқсанда таңертең қаладан 2754 текше метр қар шығарылды. Түнде 354 арнайы техника мен 421 жұмысшы көшені тазалады. Ал күндіз 344 арнайы техника мен 840 жұмысшы шықты.

Қазгидрометтің болжамына сәйкес, бүгін ауа температурасы минус 1-3 градус болады.

ҚазАқпарат