Алматыда стоматологиялық көмекке 3,9 млрд теңге бөлінді

Алматыда стоматологиялық көмекке 3,9 млрд теңге бөлінді

2023 жылы Алматы қаласында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті арқылы көрсетілетін стоматологиялық қызметтерге 3,9 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы филиалы мәлімдеді. 

Қор 2023 жылдан бастап стоматологиялық клиникалармен тікелей келісімшарт бекіте бастады.

«Бұрын стомқызмет көрсету туралы келісімшарт емханалар арқылы жасалатын. Яғни, стоматологиялық клиникалар емханалармен субмердігерлік келісімшарт арқылы жұмыс істейтін және халыққа көрсетілген стомқызмет санын емханалар қадағалайтын. Емхана жұмысының көптігінен бұл процесті бақылау қиындық тудырып келді. Салдарынан стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілмеген қызметтерді «көрсетті» деп жазу фактілері де кездесті. Сондықтан Қор осындай олқылықтардың алдын алып, қызмет көлемі мен сапасын бақылау мақсатында келісімшартты тікелей жасау туралы шешім қабылдады», - деді Тілеухан Әбілдаев.

Стоматологиялық клиника көмегіне жүгіну үшін емханадан жолдама алудың қажеті жоқ. Алдымен Қормен жұмыс істейтін тіс клиникаларын нақтылап алу қажет. Олардың тізімімен МСҚ fms.kz ресми сайты арқылы танысуға болады. 2023 жылы Алматыда 70 медицина ұйымы стоматологиялық қызмет көрсетеді, олардың арасында емханалар мен жеке меншік клиникалар да бар.

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото wikicity.kz