Алматыда шетелдіктерді ойыншық қарумен қорқытып тонаған

Алматыда шетелдіктерді ойыншық қарумен қорқытып тонаған
фото: mangystaumedia.kz

Алматыда Сингапур азаматтарына қарақшылық шабуыл жасалды, деп хабарлайды polisia.kz сайты. Белгісіз 5 адам шетелдіктердің жалдамалы үйіне басып кірген, оларды қарумен қорқытып, ақша беруін талап еткен. Осылайша, күдіктілер олардан 3 миллион теңге мен 13 мың доллар (5 миллион 907 мың 882 теңге, 1 доллар - 454,45 теңге) тартып алған. Қылмысты ашу үшін арнайы жедел тергеу тобы құрылды. "Шетелдіктерге шабуыл жасаған 5 күдікті ұсталды. Күдіктілер 1999, 2001, 2003 жылдары туған. Олар Алматы облысында тұратыны анықталды. Қылмыстың негізгі ұйымдастырушысы Т. есімді азамат бұрын қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған. Ол зардап шеккендермен жұмыс істеген, әрі олардың табысы туралы білген. Қылмыстың дайындалу уақыты мен күдіктілердің қалай дайындалғаны белгілі болды. Мұнда бейнебақылау жүйелері маңызды роль атқарды. Айғақтар, оның ішінде 2 ойыншық тапанша тәркіленді", - деді Алматы қаласы ПД басшысының орынбасары Дидар Аханов.

Күдіктілер ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал шетелдік азаматтар полицейлердің кәсіби жұмысын ерекше атап өтті. “Біз қатты қорқып қалдық. Полиция қызметкерлері қылмыскерлерді тез ұстап алды. Мен оларға жеке және еліміздің атынан үлкен алғысымды білдіргім келеді”, - деді жәбірленушілердің бірі.

ҚазАқпарат