Алматыда қоғамдық көлік мәселесі шешімін таба алмай келеді

Алматыда қоғамдық көлік мәселесі шешімін таба алмай келеді
фото: almaty.tv

       Күн сайын алып шаһар Алматыда бір жарым миллион  жолаушы қоғамдық көлікке мініп-түседі.  Ал демалыс күндері 700-800 мың адам автобус қызметіне жүгінеді.

       Қала ішілік автобустарды ұзақ күту, лық толы күйде жүретіні, жүргізушінің жүгенсіз қылығы, жазда қапырық, қыста суық деген тұрғындардың арыз-шағымы  азаяр емес. Субсидия ретінде қазынадан бөлінетін миллиардтар жағдайды түзей алмай отыр. Тарифтерді көтеруден басқаны білмейтін тасымалдаушылар сапаны көтеруді неге білмейді. Standard.kz  порталы қоғамдық көлікке сыймай қалып кететін тұрғындардың базынасын тыңдап көрді.

       Бүгінгі таңда қала маңындағы елді мекендер мен шаһарды жалғайтын бағыттарда жолаушы ағыны көп. Алайда шет аймақтарға жүретін автобус ықшамдылығы тұрғындарға шақталмаған. Сол себептен  кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көлікке сыймай қалып кетеді.  Тіпті кіші сыйымдылықтағы автобустардың демалыс күндері болмай қалуы және жұмыс күндері аз болуы жолаушыларды мезі етіп болғандай. Бұл Стандард. кз портал қызметкерлерінің түсіру барысында куә болған өзекті мәселелердің бір тармағы ғана.  Жолдың жырымен қысты жазға, жазды қысқа жалғап жүрген қараша халық мұң-мұқтажымызды әкімдіктер ескерер  деген үмітте. 

       Дейтұрғанмен айта кетер жайт Алматыда тұрғындарға қызмет көрсету сапасы мен жайлылығын арттыру үшін оқу жылы басталғалы дейін 100 жаңа автобус маршрутқа шықты.Бұл автобустар есебінен жылжымалы құрам №37, 38, 38а және 201 маршруттарда жаңартылады. Әрі №24, 125, 131 маршруттарға автобустар қосылады. Бұған дейін Алматы әкімі Ерболат Досаев халықпен кездесулерде биыл Алматыда қосымша 600 жаңа автобус сатып алынатынын хабарлаған. Қалған 500 автобусты сатып алуға шарт жасалды.

       Standard.kz