Алматыда Абай даңғылының жоғарғы жағына егілген жүзден астам тал төрт күннен кейін қайта қазып алынған. Осынау түсініксіз жағдай туралы Standard.kz ақпарат порталы жазған еді.
Наурызбай ауданының тұрғындары әкімдіктің бұл әрекетін түсінбей, редакциямызға хабарласып, мән-жайды анықтауды өтінген болатын. Портал тілшілері аталған мекен-жайға барып, бәрін бейнетаспаға түсіріп қайтты. Расында егілген ағаштардың орны ғана тұр. Көшеттердің не себеппен жоғалғаны бізде жұмбақ болды. Осы сұрақты Наурызбай ауданының әкімдігіне жолдаған едік. Көп ұзамай ресми жауап алдық.
«Бақсақ бақа екен» дегендей «қауіпті ағаштардың» шұғыл түрде қазып алынуына жас өнімнің талапқа сай келмейтіні себеп болыпты.
Сіздің өтінішіңізге жауап ретінде жасалған шартқа сәйкес өнім беруші жеткізетін тауар техникалық сипаттама талаптары мен стандарттарына (өсуі, тұқымдық құрамы) сәйкес келмегенін хабарлаймыз. Ағымдағы жылдың мамыр айының соңына дейін жеткізуші барлық талаптарға сәйкес көшеттер отырғызатын болады. Белсенді азаматтық ұстанымыңыз үшін алғыс айтамыз! Хат иесі О. Қыдырбаев.
Сонда мамандар егілетін ағаштың техникалық стандартқа сай келетінін алдын ала тексермей ме? Неге ағаш отырғызылғаннан кейін дереу дабыл қақты? Талапқа сай келмейтінін қалай тексерді, арнайы аппарат қолданды ма, әлде тал табан астында қурап кетті ме, немесе улы газ бөліп шығарып, айналаға таратты ма? Өкінішке қарай, әкімдік бұл жайын тарқатып жазбапты.
Мамыр айының соңына дейін жаңа ағаш отырғызамыз деп уәде етті. Соңын күтейік. Айтпақшы, ұзын құлақтан естуімізше, жақында Наурызбай ауданына жаңа әкім келеді екен. Жаңа басшы халыққа жақын болады, тұрғындардың талап-тілегіне құлақ асады, біз көтерген мәселе секілді күлкілі жайттардың болашақта қайталануына жол бермейді деп үміттенеміз.
Бұл мәселені Standard.kz ақпарат порталы бақылауға алады.
Фото nur.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через