Алматыда тамыз айының басында маусым айымен салыстырғанда пәтерді жалдау құны 15 пайызға өскен. Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығы бағаның күрт көтерілуіне еліміздің өзге өңірлерінен келетін студенттермен қоса, Ресей мен Украинадан ағылған азаматтардың ағыны себеп болды деп отыр.
Сарапшылар баға тағы да өспесе, төмендемейтініне сенімді.
«Жалдамалы пәтердің бағасы тамыз айында барлық өңірлер бойынша өте қатты көтерілді. Әсіресе, Алматы қаласында баға аспандап кетті. Оған нақты бірнеше фактор әсер етті. Біріншісі – Украина мен Ресейден жұрттың ағылып келуі. Екіншісі – тамыз айында студенттердің өзге қалалардан жаппай келуі. Үшіншісі – жылдың басында жалға алатын пәтерлерге берілетін 50 пайыздық субсидиялау бағдарламасы да нарыққа ықпал етті.
Пандемия кезінде көптеген қонақ үйлер жұмыс істеген жоқ қой. Сол кезде пәтерді жалға беру қатты дамыды. Сонда бұған дейін ұзақ мерзімге беріп келгендер қысқа мерзімге жалға беру форматына көшіп кетті. Енді олар тәулікпен жалға беруден көп пайда табатын болғандықтан, ұзақ мерзімге беру жүйесіне қайтадан оралғысы келмейді. Бұл пәтердің тапшылығын туындатады. Ал Ресей, Украинадан келген студенттер ескі 70-ші, 80-ші жылы салынған пәтерлерде тұрғысы келмейді. Барлығы жақсы ауданда тұрғысы келеді. Элиталы үйді қалайды. Талаптар көтерілген сайын баға да шарықтай береді. Келесі айларда да жалға берудің бағасы түспейді. Ешқашан баға төмендемейді. Сату да, сатып алу да түспейді», - деді Қазақстан біріккен риелторлар қауымдастығының мүшесі Орынбасар Сатаев.
Қазақстан бойынша сәуір айынан бастап, баспананың сату бағасы көтерілмеген. Мамандар мұны зейнетақы қорындағы шекті соманы алуға берілген мүмкіндікті азаматтар пайдаланып үлгермегенімен байланыстырады. Нарықтағы дүрлігудің бәсеңдеуіне «Баспана хит» бағдарламасының тоқтауы да әсер еткен.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елімізге 2 миллион 134 мың 598 шетелдік келген, 2,5 миллионға жуық шетелдік шығып кеткен. Ең көп келгендер: Өзбекстан – 718 мың 452 адам, Ресей – 889 мың 275 адам, Қырғызстан – 238 мың 790 адам, Тәжікстан – 74 мың 528 адам. Ал Түркиядан – 36 мың 159 адам, Германиядан 26 мың 312 адам, Үндістаннан 8 мың 295 адам, ҚХР-дан 6 мың 221 адам келіпті.
Дереккөз Азаттық рухы. Фото: homsters.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через