Алматыда өрттен кейін далада қалған тұрғындар наразылық білдірді

Алматыда өрттен кейін далада қалған тұрғындар наразылық білдірді
фото: sputnik.kz

Алматыда өрттен кейін далада қалған көпқабатты үйдің тұрғындары наразылық білдірді.

Олар әкімдіктің мектепте ұйымдастырған уақытша орталығына жатқысы келмейді. Ал қонақүй немесе аяқасты пәтер жалдау құны тым қымбат. Жергілікті билік ұсынған қаржы оның біріне де жетпейді деп назын айтты тұрғындар.

"Ресми жалға берілетін пәтер аз. Бүгін ондай болмасын деп талап қойдық. Сабақ басталайын деп жатыр. Бәрі оны біледі. Содан кейін бағаны да қымбат жоғары сұрап отыр. Екі-үш айға ешкім бергісі келмейді", - дейді Мирас Игібаев.

Қызыл жалынның құрсауында қалған 16 қабатты үйде 96 отбасы тұрған. Жартысынан көбі мемлекеттік бағдарламамен жалға алынған баспана.

Оқиға орнына келген аудан әкімі жаңа ұсыныс жасады: пәтерді әр отбасы өзі табуға тиіс. Тек бір бөлмелі баспана – 200 мың, екі бөлмелі – 300 мың, үш бөлмелі пәтер – 400 мың теңгеден аспауы қажет. Бәрі ресми болуы шарт.

Яғни әр тұрғын өзі жалдап тұратын үй иесімен жасасқан келісім құжаты мен баспананың мекенжайын көрсетуі керек. Көмек екі айға қарастырылған. Өйткені өрт шыққан үйдегі қайта қалпына келтіру жұмысын сол аралықта аяқтайды. Бірінші қабаттан тоғызыншы қабатқа дейін электр желісі түгел ауыстырылып, пәтерлер тазартылады. Тұрғындар өз үйіне қыркүйектің соңына қарай орала алады. Оған дейін дүние-мүліктің сақтығы да бақылауда болады деп отыр аудан әкімі.

Қазақпарат