Алматыда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттады 

Алматыда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттады 
фото: Pexels

     Алматыда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық кезеңі жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

     

     Соңғы жылдары елімізде отбасылық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде жандандырып, үлгілі отбасыларды насихаттау жұмыстары қолға алынды. Осы мақсатта 2013 жылы қыркүйек айының екінші жексенбісі отбасы күні болып белгіленіп, 2014 жылдан бастап «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурс бастау алды. Қоғам назарын отбасылық құндылықтарды сақтауға аудару әрі оны дәріптеу мақсатында елімізде әр жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу дәстүрге айналды.

     «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы жыл сайынғы дәстүр бойынша Халықаралық отбасы күніне орай 15 мамырда бастау алған болатын.

     Бұл ретте, «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын Алматы қаласында ұйымдастыру мақсатында Қалалық комиссияның құрамы бекітілді.

     

     Комиссия құрамына қала әкімі мен қала әкімінің орынбасары, Қоғамдық даму, Мәдениет, Жастар саясаты, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшылары, Алматы қаласы әкімінің аппараты әлеуметтік даму бөлімінің бас инспекторы – Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мәслихат депутаты, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, сонымен қатар, конкурстың өткен жылғы жеңімпазы да енді.

     «Мерейлі отбасы» конкурсы, ең алдымен адамгершілік мұраттарды жаңғыртуға, отбасы мен некенің мәртебесін көтеруге, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруға, отбасылық құндылықтар мен отбасының жағымды имиджін қалыптастыруға және кеңінен насихаттауға бағытталған.

     «Алматы қаласында дәстүрлі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына мамыр-шілде аралығында өтінімдер қабылданды. Шілденің 1-10 аралығында аудандық комиссия құрамы өтінімдерді қарап, үздік шыққан 2 отбасыны қалалық комиссияның қарауына жіберді. 14 шілдеде  «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Алматы қаласы бойынша жеңімпаздарды анықтау жөніндегі комиссиясының отырысы өтті. Қаланың 200-ден аса отбасы конкурсқа қатысуға ниет білдірген.

     Комиссия қалалық кезеңге аудандардан 8 отбасын және олардың арасынан 1 отбасын Алматы қаласы атынан республикалық кезеңге қатысуға таңдады. Бүгін осы мерекеге қатысқан отбасылардың өкілдері өз өмірлерін болашақ ұрпақты тәрбиелеуге, отбасылық байланыстарды нығайтуға арнады. Олардың жүректері туыстары мен жақындарына, өз Отанына деген сүйіспеншілікке толы. Әр отбасы өз шежіресін дайындап, бейнебаянда олар өз тарихын, жетістіктерін айтып берді.», - дейді ұйымдастырушы Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова.

     Қала орталығындағы «Бақыт» салтанат сарайында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бекбергенов Ренат Оралұлы Алматының 8 ауданынан «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсында озық шыққан сегіз отбасына 300 000 (үш жүз мың) теңгенің Сертификаттары мен Дипломдарын табыс етті.

     ҚР тұңғыш Еңбек ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Педагогикалық Ғылымдар Академиясының Академигі, Алматы қаласының Құрметті азаматы Аягүл Төреқызы Миразова конкурстың республикалық кезеңіне өткен жеңімпаз Сыбанбековтер отбасына 700 000 (жеті жүз мың) теңгенің сертификаты мен Дипломын табыс етті.

     «Жыл сайын «Мерейлі отбасы» конкурсын өткізу – жақсы дәстүр. Өте толқынысты сәт. Уақытты қызықты өткізу мүмкіндігін сыйлаған ұйымдастырушыларға рахмет айтқым келеді. Береке-бірлігі жарасқан, саналы ұрпақ тәрбиелеп, ел демографиясына үлес қосып отырған отбасыларды дәріптеу керек, өзгелерге үлгі ету керек. «Ел боламын десең – бесігіңді түзе» дейді, отбасы тәрбиесі өте маңызды мәселе. Ұлы Отан соғысынан оралған әкем мен анамыз екеуі 8 баласына лайықты тәрбие берді. Ұрпақ сабақтастығын жалғап, біз де балаларымызды елге қызмет ететін азаматтар етіп тәрбиелеудеміз», - дейді конкурсқа Наурызбай ауданынан қатысушы Ардақ Мауытханұлы Сыдық.

     Иә, әр отбасының босағасының беріктігі – мемлекет іргетасының кемелдігінің кепілі болмақ. Бақытты отбасы - үйлесімді қоғамның және мемлекеттің сенімді тірегінің басты құрамдас бөлігі.

    Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына 10 жыл толып отыр. Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры ұйымдастырды.