фото: qagro.kz
Алматыда қоғамдық ортада түкіргені үшін 71 адамға жарты млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Алматылықтар қолжетімді байланыс арналары арқылы полицияға ұсақ құқық бұзушылықтар туралы хабарлап отырады. Оның ішінде адамдардың қоғамдық орындарда түкіру дерегі көп кездеседі. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Ұзақбаев айтты.
«Жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы азаматтардан 10 мыңға жуық хабарлама түскен. Ең жиі кездесетіні – адамдардың қоғамдық орындарда түкіруі. Алматыда полицейлер 11-15 қыркүйек аралығында қоғамдық орындарды ластаудың 257 дерегін анықтаса, оның 71-і – көшеде түкіргендер. Айыппұл сомасы – 433 мың теңге», – деді Ержан Ұзабаев.
Ол сондай-ақ қоғамдық орындарда түкіргендер ҚР ӘҚБтК-нің 434-2 бабымен жазаланатынын еске салды.
«Бұл құқық бұзушылықтарды жасаған азаматтардың қоғамдық орындарда тәрбиесі мен өзін-өзі ұстау мәдениетінің төмендігінің белгісі саналады. Сонымен қатар қоғамды сыйламаушылық пен қоршаған ортаға менсінбеушілік танытуы. Бұзушылыққа жол берген адам әкімшілік жауапқа тартылады. Азаматтарды тәртіпті сақтауға, заңды бұзбауға шақырамын. Қоғам бірлесе отырып, қаламыздың табиғи құндылықтары мен моральдық-мәдени келбетін сақтай алады. Ал Алматы Қазақстанның қаржы-экономикалық және мәдени орталығы ретінде тек азаматтардың көмегімен өз мәртебесін, жақсы имиджін сақтап қалуы керек», – деді Алматы қалалық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ержан Ұзабаев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через