Алматыда 5 қарашада KITAP FEST KIDS кітап фестивалі өтеді. Бұл шара биыл 8-ші мәрте ұйымдастырылады. Онда қала тұрғындары мен қонақтары кітаптарды жеңілдікпен сатып алып, өзара кітап алмаса алады.
«Шараның негізгі мақсаты – біріншіден халыққа кітап оқуды кеңінен насихаттау. Екіншіден, әлі танылмаған жас жазушыларға қолдау білдіру, яғни, олардың шығармаларын халыққа ұсыну, өз оқырманын табуға көмектесу. Үшіншіден, баспагерлерді қолдау. Бұл әлемдік кітапфест қауымдастығына кіретін Қазақстандағы жалғыз кітап фестивалі. Ол барлық қатысушылар үшін тегін өтеді»,- деді кітап фестивалінің бас үйлестірушiсi Майра Әлжанова.
Спикердің сөзінше, фестиваль биыл балаларға арналады.
«Биылғы жыл Президенттің бастамасымен Балалар жылы аталды. Сол себепті биылғы кітап фестивалі «KITAP FEST KIDS» деген атаумен өтеді. Балалар үшін қызықты шаралар ұйымдастырылады. Бірақ, фестиваль тек балаларға ғана емес, ересектерге де қызықты болады. Олар белгілі қазақстандық жазушылармен, жас жазушылармен кездеседі, кейінгі жылдары жаңадан басылып шыққан кітаптардың тұсаукесері өтеді. Сонымен қатар блогерлер жастарға өз тәжірибелерімен бөліседі. Ең бастысы, фестивальде үлкен кітап жәрмеңкесі өтеді. Онда «Меломан», «Квит», «Эрудит», «Мама почитай», «Қазына» секілді ірі кітап дүкендері өз кітаптарын 20% жеңілдікпен ұсынады», - деді спикер.
Майра Әлжанова атап өткендей, қазіргі таңда қазақ тіліне аударылған шетелдік әдебиеттерді оқырман жақсы қабылдаған.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото: nomadmgz.kz, old.vecher.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через