Алматыда «бақыт ағашы» атты ерекше гүл өседі

Алматыда «бақыт ағашы» атты ерекше гүл өседі
фото: ia-centr.ru

Алматының ботаникалық бағында «бақыт ағашы»,«таза махаббат», «тағдыр ағашы»,  «махаббат символы» немесе «қансыраған жүректің сабағы» атанған гүл өседі. Өсімдіктің гүлдену кезінде ерекше әдемі болуына байланысты осындай есімдер берілген. Бұл туралы Алматы қалалық ботаникалық бақтың баспасөз қызметі хабарлады деп жазады Standard.kz.

Ботаникалық бақтың мәліметінше, өсімдік гүлдену кезінде ерекше әдемі болуына байланысты бірден бірнеше атауға ие болған.

Өсімдіктің ғылыми атауы — Томпсон Клеродендрумы.

Себебі, шотландиялық Джордж Томпсон есімді азамат гүлді алғаш рет Африкадан Еуропаға әкелген. Сол үшін оның есімі гүлге берілген.

«Томпсон Клеродендрумы (лат. Clerodendrum thomsoniae) — Lamiaceae тұқымдасына жататын лиана тәрізді көпжылдық тропикалық өсімдік. Табиғи жағдайда ағаш бұтақтарының ұзындығы 4 метрден асуы мүмкін. Пәтер ішінде сирек жағдайда үлкен көлемге жетеді. Жапырақтары сопақ, үшкір, ұзындығы шамамен 10 см жетеді. Ерекшелігі — айқын тамырларының болуы. Сабақтарының ұшында күшті гүл шоқтары болады, олардың әрқайсысында 10-нан 30-ға дейін гүл болады», — деп хабарлады ботаникалық бақтың баспасөз қызметі.

Әдетте Томпсон Клеродендрумның гүлденуін бірнеше актідегі театр қойылымына ұқсатады. Себебі, бірінші әппақ, мөлдір жапырақшалар пайда болады.

гүл

Фото: Instagram/botsadkz

Кейін әдемі қызыл гүл жапырақтары ашылып, керемет көрініске қосымша тырнақшалар өсіп шығады.

Бұл ретте қызыл және ақ түстер ерекше көрінеді. Ұзақ гүлденуден соң гүлдер бірте-бірте солып, ақшыл сирень түске боялады.

Гүлдену кезеңі көктемнің басында басталып, күздің соңына дейін жалғасады.

«Біздің ботаникалық бақта Томпсон Клеродендрумы жылыжай кешенінде өседі. Естеріңізге салсақ, біз жабық өсімдіктер жәрмеңкесін жалғастырамыз, онда әртүрлі өсімдіктерді сатып алып, мамандардан оларды өсіру және күтім жасау бойынша ақыл-кеңес ала аласыздар», - деп атап өтті ботаникалық бақтың баспасөз қызметі.