фото: sputnik.kz
Алматыда қала тұрғындарының мобилділігін арттыру мақсатында көше-жол желісін дамыту жұмыстары жалғасып жатыр.
Қалалық мобилділік басқармасы ішкі магистральдық көшелерді ұзарту жұмыстарының барысы жайлы хабарлады.
Бүгінде Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жер телімдерін сатып алуға байланысты жол-құрылыс жұмыстары және инженерлік желілерді қайта құру жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 4,5 км жоба екі учаскеге бөлінген. Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.
"Биыл ұзындығы 4,3 км болатын Хмельницкий көшесін "Қайрат" шағын ауданынан Талғар тас жолына дейін ұзарту және Райымбек даңғылын Жетісу көшесінен Талғар тас жолына дейін ұзартып салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған. Сонымен қатар, биыл ұзындығы 0,6 км болатын Мұқанов көшесін Райымбек даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін ұзарту жұмыстары басталады. Осы аумақтар бойынша жобалық құжаттама әзірленіп, сараптамада жатыр", - делінген хабарламада.
Жер телімінің алынуына қарай Жұбанов көшесін Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары жүргізіледі. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 3,9 км болатын 2 кезек қарастырылған. Аяқталу мерзімі - 2026 жылдың соңына дейін. Бұған қоса, биыл ұзындығы 0,3 км болатын Оңғарсынова көшесін Райымбек даңғылына дейін ұзару жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қазіргі таңда жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін басқарма осы жылдың соңында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырық ашудың жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын. Биылғы жылдың 3-тоқсанында Сайын көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысында жолайырықты пайдалануға беру көзделген. Сонымен бірге, жыл соңына дейін Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін және Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталады.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через