Алматыда алапат жер сілкінісі болуы мүмкін

Алматыда алапат жер сілкінісі болуы мүмкін

Алматыда алапат жер сілкінісі болуы мүмкін

Төтенше жағдайлар министрі бүгінде Алматыдағы барлық нысан паспортизациядан өткенін атап өтті. Жаңа сейсмикалық карталар да әзірленіп, тиісті органдарға берілген.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты болжамды растады.

Мәжілісте азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту мәселелеріне арналған үкімет сағатында депутат Дүйсенбай Тұрғанов Алматының сейсмикалық қауіпсіздік проблемасын көтерді.

"Сейсмологтар Алматыда үлкен жер сілкінісі болуы мүмкін деп ылғи ескертіп отырады. Ал сарапшылардың есебіне сәйкес, осы қалада алапат жер сілкінісі болса, адам шығын 400 мыңға дейін барады. Қаладағы нысандардың 60 проценті қирайды. Шығын көлемі 200 миллиард теңге болады деп отыр", - деді Тұрғанов.

Осы орайда депутат Алматыдағы құрылыс нысандарын паспортизациядан өткізу барысы туралы сұрады.

"Құрылыс талаптары жаңа сейсмикалық карталардың негізінде әзірленді ме?", - деп атап көрсетті Тұрғанов.

Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің айтуынша, Алматыда алапат жер сілкінісінің қаупі бар.

"Шынымен де, Алматыда кең ауқымды жер сілкінісінің қаупі бар. Негізі, қайтыс болатын және жарақат алатын адамдардың санына қатысты сарапшылардың ойы бір жерден шыққан жоқ. Себебі бағалаудың сан алуан әдістемесі бар. Мәселен, кеңестік заманның әдістемесі бойынша сіз айтқан адам шығыны болуы мүмкін. Ал JICA өкілдерінің есебі әлдеқайда төмен көрсеткішті  айтып отыр", - дейді Ильин.

Министрдің айтуынша, бүгінде Алматыдағы барлық нысан паспортизациядан өтті. Жаңа сейсмикалық карталар да әзірленіп, тиісті органдарға берілді. Алматы әкімнің орынбасары Серік Құсайынов та осы мәліметті растады. Паспортизацияның нәтижесінде апаттық жағдайда тұрған үйлерді ысыру бағдарламасына өзгеріс енгізілді. Алматыда мұндай 948 ғимаратты бұзу қажет.

 

"Зерттеуге сәйкес, Алматыда 7-8 балдық қатты жер сілкінісі болса, барлық ғимараттың 30 проценті қирап қалуы мүмкін. 370-385 мың адамға дейін қайтыс болуы ықтимал. Ал 10 балдық жер сілкінісінен кейін қалаға 2 триллион 479 миллиард теңгенің шығыны келеді ", - деді Құсайынов.

Мәтіндегі ақпарат туралы