фото: Александр Павский/Kazinform
Алматыда Аяз аталардың жаңа жылдық шеруі ұйымдастырылды. Ертегі кейіпкерлері мегаполис тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан Жаңа 2024 жылмен құттықтап, қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті.
Бас шырша орналасқан Абай алаңынан бастау алған салтанатты шеру Астана алаңында аяқталды. Маршруттың соңғы нүктесін таңдау кездейсоқ емес – дәл осы жерде 31 желтоқсанда негізгі жаңажылдық концерт өтіп, отшашу болады.
Жол бойында Аяз аталар жүргіншілерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әр түрлі жаңажылдық әндер орындады.
«Біз балаларға жақсы көңіл-күй мен ұмытылмас эмоциялар сыйлай алғанымызға қуаныштымыз. Қала тұрғындары мен қонақтары шеруге қатысушылармен естелікке суретке түсіп, сұрақтарға жауап беріп, өлеңдер оқып, сыйлықтар мен тәттілер алды. Шеруге 60 адам қатысты. Аяз ата шеруін екінші жыл қатарынан өткізіп жатырмыз, бұл Жаңа жыл қарсаңында жақсы дәстүрге айналып барады», - деп атап өтті Алматы қалалық Мәдениет басқармасынан.
Ведомстводан мәлім еткендей, 21 желтоқсаннан бастап күн сайын Абай мен Астана алаңында танымал әртістердің, live-бэнд және диджейлердің қатысуымен концерттер, әртүрлі балалар байқауы, ойындар мен аниматорлармен интерактивті іс-шаралар өтіп жатыр.
Жаңа жылдық қысқы фестиваль аясында 27-31 желтоқсан аралығында, қаланың әр ауданында концерттер ұйымдастырылып жатыр.
Дереккөз Kazinform. Фото: Александр Павский/Kazinform
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через