Алматыда 8 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

Алматыда 8 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды

2022 жылы мегаполисте 8 қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің өкілі Жақсылық Мырзахан мәлімдеді.  

Олар - «Innova Gold», «QOZGAN», «Тhe Finiko», «Grand lux house», «Tender», «Альфа Сейлс Консалтинг», «Forex клуб», «Rich Beach».

Бұл қаржы пирамидаларынан 3500-ден астам азамат зардап шекті.

«Мәселен, «Qozgan Inc» қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқталды. Ұйымдастырушылар азаматтарға өздерінің ақшалай қаражаттарын тендерлік жобаларға салуды ұсынды, бұл 105 күн ішінде салым сомасының 5-30 пайызға дейін еселеп қайтаруға болады деп сендірген. Салымшылардың жалпы саны 50-ден астам адамды құрайды, келтірілген залал сомасы 270 млн теңгеден асты»,- деді Алматы қаласы экономикалық тергеу департаментінің өкілі Жақсылық Мырзахан.

Сондай-ақ, құрамында алтын элементтері бар алтын құймалары мен косметикалық өнімдерді сататын интернет-дүкен ретінде жасырынған «Innova Gold» инвестициялық пирамидасын ұйымдастырушыға қатысты сотқа дейінгі іс тергеліп жатыр.

«Innova Gold» ұйымдастырушылары азаматтардың сеніміне кіріп, жобаға шақырған. Қаражат салғаны үшін бонустар есептеуге, сондай-ақ егер клиент өзімен бірге басқа салымшыларды алып келген болса, жобадағы рөлін ілгерілетуге уәде берген. Азаматтар салған ақшалай қаражаты «Innova Gold» сайтындағы салымшының жеке кабинетінде көрсетілді, алайда сайт пайдаланушылары өз қаражатын іс жүзінде қолма-қол ақшаға айналдыра алмады»,- деді Жақсылық Мырзахан.

Спикердің айтуынша, экономикалық тергеу қызметі қабылданған шаралардың нәтижесінде қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың банк шотына, жылжымалы және жылжымайтын мүлкіне тыйым салынды.

Дереккөз  ҚазАқпарат. Фото: politic.kzkazlenta.kz