Алматыда қала шетінде алты саябақ салынады. Бұл туралы БАҚ-қа арналған баспасөз туры барысында айтылды.
Саябақтың басым бөлігі Алатау ауданында (Зерделі, Боралдай, Саялы, Өжет шағын аудандары), сондай-ақ Медеу (Алатау ш.а) және Наурызбай аудандарында (Қарғалы жағалауының бойында) ашылады. Жаңа саябақтар балалар және спорт алаңдарымен, рекреациялық аймақтармен жабдықталады.
Бүгінде қалада жалпы алаңы 631,2 га болатын 211 саябақ аумағы орналасқан. Қазіргі уақытта сегіз нысанды, оның ішінде саябақтарды, скверлерді және т.б. абаттандыру, жөндеу және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Нысандардың бірі – ҚБТУ ғимаратының артындағы «Северный» сквері, онда бастапқыда тек фонтанды реконструкциялау жоспарланған болатын. Алайда, тексеру барысында бүкіл алаңның тозғаны анықталды. Нәтижесінде бүкіл аумақты қайта құру туралы шешім қабылданды. Жоба бойынша ағаштарды санитарлық кесу, көгалдандыру, брусчатканы жаңарту, сыртқы жарықтандыру, сондай-ақ қала тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігі үшін бейнекамералар орнату қарастырылған. Барлық жұмысты 2022 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.
Байсейітова көшесі бойымен Сәтбаев көшесінен Жамбыл көшесіне дейінгі жаяу жүргіншілер аймағы спорт, балалар алаңдарымен, орындықтармен, урналармен жабдықталады, сыртқы жарықтандыруды орнату жоспарланған.
Қала орталығынан алыс орналасқан әрбір ауданда серуендейтін аймақтар салынады, деп хабарлады ҚазАқпарат. Мысалы, Боралдайдағы саябақ Терренкурға ұқсас болады, ал Зерделіде Орталық мәдениет саябағына ұқсас жастар саябағы салынады.
Фото: ainews.kz, vse.kz, www.amic.ru
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через