Алматыда 45 мың баланы спорт секцияларына тегін жіберу үшін 1,7 млрд теңге бөлінді

Алматыда 45 мың баланы спорт секцияларына тегін жіберу үшін 1,7 млрд теңге бөлінді

       Алматыда 45 мың баланы тегін спорт секцияларымен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы қала активінің отырысында шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев.

       Б.Сағынтаев кеңесте спорт инфрақұрылымын дамыту барысынан мәлімет берді.

        «2021 жылы Алматыда бюджет қаражаты есебінен «Айнабұлақ-2», «Құлагер» және «Кемел» ықшамаудандарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында «Зерделі», «Алатау», «Жас-Қанат» ықшамаудандарында тағы үш нысан іске қосылады.

       Наурызбай, Әуезов, Алмалы және Түрксіб аудандарында жергілікті бюджет есебінен 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені жобалануда, олардың құрылысы жыл соңында басталады», - деді қала әкімі.

       Оның айтуынша, Алатау ауданында 14 кортқа арналған Теннис орталығының құрылысы аяқталуда (4 жабық және 10 ашық алаң).

        Биыл жыл соңында Алатау ауданында жеңіл атлетика манежі мен Бостандық ауданындағы құзға өрмелеу орталығының құрылыс жұмыстары басталады.

        «Спорт инфрақұрылымын дамытуға жеке инвесторларды тартып жатырмыз. 2021 жылы инвесторлар есебінен көпфункционалды спорт зал, бассейн, спорт кешені, теннис орталығы салынды», - деді Бақытжан Сағынтаев.

       Бостандық ауданында әмбебап залы мен бассейні бар спорт кешені, Алатау ауданында үстел теннисі орталығы, Орталық демалыс саябағында қалалық велотрек салынуда.

       Медеу және Бостандық аудандарындағы скейтпарк, ВМХ-парк, Әуезов ауданында күрес клубы жобалау сатысында.

        Әкім жан басына қаржыландыру аясында 45 мың баланы тегін спорт секцияларымен қамтамасыз етуге 1,7 млрд теңге бөлінгенін хабарлады.

       Қалада 2400 ашық спорт алаңы жұмыс істейді. Биыл тағы 261-і ашылады.

       Бюджет және мемлекеттік-жекешелік әріптестік есебінен 30 спорт алаңы салынады, олардың жалпы саны 72-ге жеткізіледі.

       Жалпы аталған шаралар мен жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу есебінен балалардың 77% үйірмелер мен секцияларға тегін бара алады

      Ақпарат дереккөзі