Алматыда 3 мыңнан аса кітап тегін таратылды

Алматыда 3 мыңнан аса кітап тегін таратылды

       Алматыда өткен фестиваль шеңберінде түрлі жанрдағы 3 мыңнан аса кітап тегін таратылды.

       Фестивалдің бас үйлестірушісі Майра Әлжанованың айтуынша, биыл балалар жылы болғандықтан, Kitap Fest фестивалінде балалар мен жасөспірімдер әдебиетіне, жазушыларына көбірек көңіл бөлінді. Бұл – биылғы іс-шараның ерекшелігі жәрмеңкеде оқырманның кітаптарды өзара алмасуына, жеңілдікпен сатып алуына немесе тегін алуына мүмкіндік туды.

       «10 сағатқа созылған Kitap Fest фестивалінің мәдени бағдарламасында - фестиваль қонақтары әкелінген кітаптармен өзара алмасуға, ұнаған кітаптарды жеңілдікпен сатып алуға немесе оларды толығымен тегін алуға мүмкіндік алды. Биылғы кітап фестивалінде әр түрлі жанрдағы 3000-нан аса кітап тегін таратылды» - деді Kitap FEST кітап фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.

       

Айтуынша, 8 жыл ішінде Kitap Fest Алматының кітап сүйер қауымы үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін сүйікті алаңға айналды. «2019 жылы біз фестивальді елорда да өткіздік және жыл сайын мүмкіндіктер шекарасын кеңейтіп, үздіксіз дамуға ұмтыламыз. Жақын арада кітап фестивалін еліміздің басқа қалалары мен өңірлерінде де өткізуді жоспарлап отырмыз, өйткені оған үлкен қызығушылық пен сұраныс бар», - деді ол.

       Белгілі қазақстандық жазушы «18:47» кітабының авторы, «Алтын тобылғы» байқауының жеңімпазы Досхан Жылқыбай жылсайын аталмыш кітап фестивалі шығармашылық кездесулер үшін беделді және қуатты алаңға айналғанын атап өтті. «Бұндай шаралардың ұйымдастырылып тұрғаны өте жақсы. Әдетте, жазушылар өз аудиториясымен тек кітапханаларда немесе басқа да кішігірім жиындарда кездесіп жатады. Ал осындай кітап фестивалінде кез-келген кітапқа қызығатын адам өз сүйікті жазушыларымен тікелей жүздесіп, пікір алмасып кітабын алуға мүмкіндігі бар. Сондықтан мұндай шаралар авторлардың аудиториясын кеңейтеді деп ойлаймын»- деді жазушы.

       

       Фестивальде «Мама, қазақша сөйлеші» орыс-қазақ сөздігінің және қазақ тіліндегі балаларды дамыту кітаптарының авторы Әсел Сапақова баланың жеке басының дамуындағы әдебиеттің рөлі туралы айтып берді. « Биыл фестивальде халық саны көп болды, біздің мақсатты аудиториямыздың көп бөлігі келді десек те болады. Барлық кітаптар дерлік сатылды. Осындай шаралардың өркендеуін және кітапсүйер қауымның қатары арта берсін деп тілеймін»,- деді Әсел Сапақова.

       Сондай-ақ фестивальде алғаш рет «Ауылға кітап» акциясы өтті, нәтижесінде 600-ге тарта кітап жиналды. Алдағы уақытта олар Қазақстанның ауылдық кітапханаларына тапсырылады.