Алматы тұрғыны ауруханада жатқан қарындасына сапасы нашар тағам берілетінін айтып шағымданды.
Шағымды әлеуметтік желіге жариялаған автор аяғы ауыр қарындасының «Қалқаман-1» шағын ауданындағы ауруханаға түскендігін жазған. Сонымен қатар патология бөліміне жатқызылған қарындасына берілген тамақтың суретін қоса жүктеген.
Жағдайға Алматы қалалық №1 клиникалық ауруханасы түсінік берді.
Аурухананың мәліметіне сәйкес, аталған мәселе бойынша комиссия қызметтік тексеріс жасалған. Тексеріс кезінде перзентхана жағдайында стационарлық емдеудегі барлық жүкті және босанған әйелдер арасында сауалнама жүргізілген. Сауалнама қорытындысы бойынша ауруханадағы бүкіл әйел тамақтың сапасына «100% қанағаттанарлық» деп жазған.
Сонымен қатар аурухана стационарда емделіп жатқан науқастарға диеталық үстелге сәйкес тамақ берілетіндігін мәлімдеді.
«Әрбір ауруға рұқсат етілген азық-түлік пен тағам түрі болады. Дені сау адамдар тұтынатын тағамның бәрі бірдей науқастарға беріле бермейді. Емдеу (диеталық) үстелдері ҚР Үкіметінің 2002 жылғы 26 қаңтардағы №128 қаулысына сәйкес жасалады. Тамақ технологиялық карта бойынша пісіріледі»,- деді аурухана.
Аурухана тағамды тарату алдында оның дәмі мен өнімінің қауіпсіздігіне бағалау жүргізілетіндігін мәлімдеді.
Сонымен қатар арнайы журналда кезекші дәрігер немесе эпидемиолог дәрігер күнделікті дайындалатын тағамдардың сапасы туралы белгі қоятыны туралы айтылды.
«Ауруханада ас блогын тұрақты түрде бақылайтын инфекциялық бақылау комиссиялары, бракераж комиссиясы (ИБК, БК) жұмыс істейді. Сараптама бойынша тамақтан улану, тағамды сапасыз дайындау деректері тіркелмеген», - деп жауап берді аурухана.
Осыған орай, №1 ауруханада тамақтану режимі мен сапасына қатысты нормативтік құқықтық актілер бұзылмаған.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через