фото: https://pixabay.com/ru/
Біздің жақтың қысы да, жазы да біраз жұртқа таңсық екен. Әйгілі The New York Times газеті әлемдегі саяхаттауға тұрарлық 52 қаланың тізімін жариялады. Сол тізімде Алматы 25-ші орында тұр.
Басылым мегаполистің өміріне шолу жасап, ерекше жерлерді көрсеткен екен. Бұл, әрине, саяхатшылардың біздің елге деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз. Ал жаһанның маңдайалды газеті жарнама жасап жатқан елдегі туризмнің әлеуеті қандай?
Америкалық басылымның тізіміне ену Алматы шаһары үшін үлкен мәртебе деп ойлаймын. Себебі бұл – тізімге Орталық Азиядан енген жалғыз қала.
Алматыға Америкадан былтырғы жылдың 9 айында 28 мың турист келген. Туристер саны 2022 жылмен салыстырғанда 54%-ке артқан. Америкалықтар Қазақстанда визасыз 30 күнге дейін жүре алады.
Жалпы Қазақстанға келетін туристер саны жыл санап артып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтырғы 9 айда 900-мыңға жуық қонақ келген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 225 мың адамға көп.
Сонымен қатар туристер келетін мемлекеттер тізімі ұлғайып келеді. Іргедегі көршілерден бастап, мұхит асып келетіндер де бар. Бұл орайда Ресей көш бастап тұр. Сондай-ақ алғашқы бестікке Қытай, Түркия, Үндістан мен АҚШ енеді.
Шетелдік туристер саны (қаңтар-қыркүйек, 2023 ж.)
Ресей – 256 850
Қытай – 75 131
Түркия – 41 134
Үндістан – 34 757
Ақш – 28 160
«Жыл сайын шетелдік туристердің Қазақстанға деген қызығушылығы арта бастағанын байқап отырмыз. Биыл бұл көрсеткіш бұдан да көбейе түседі деген сенімдеміз. Өйткені елімізде шетелдіктерді таңғалдыратын, сұлулығымен өзіне тартатын, көрсе, көз тоятын көрікті жерлер, табиғат сый етіп берген сұлу мекендер аз емес. Сонымен қатар министрлік байтақ жерімізге табаны тиген әрбір саяхатшыға ұмытылмас әсер қалдыру үшін жұмыс істеп жатыр», - Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары.
Алыстан ат арытып, арнайы келген туристердің алдында қысылып қалмаймыз ба? Әрине, туризмді дамытуда инфрақұрылымға назар аудару керек.
Туризм және спорт министрлігінің ақпараты бойынша былтыр 85 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асты. Бұл мақсатта 440 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. Яғни, 1 жылда инвестиция 16 есе өсті. Нәтижесінде 16 визит орталығы ашылды. Ал инвестор есебінен 9 орталық салынды. Туризм саласына инвестиция
2022 ж. – 27 млрд теңге – 28 жоба
2023 ж. – 442,3 млрд теңге – 85 жоба
Шетелдіктер біздің тұмса табиғатты көруге құмартып келетіні белгілі. Қаланың қым-қуыт тірлігінен қашқан жандар алаңсыз демалғанды жөн көреді. Сондықтан экотуризмді дамытуға күш салынып отыр. Осы мақсатта Қазақстанның көрікті жерлерінде 40-қа жуық глэмпинг орталықтары тұрғызылды.
Сондай-ақ шетелдіктер ауылдағы боямасыз тірлікті көруге құмар. Этнотуризм біздің елде енді қолға алынды. Қазіргі уақытта Маңғыстау мен оңтүстік аймақтағы қаймағы бұзылмаған қазақы ауылдарға турлар ұйымдастырылып келеді.
«Біз заңнамаға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерде қонақжайлық қызметі бойынша кәсіпкерлік іс-әрекетті жүргізуге рұқсат беретін өзгерістерді енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл қазіргі таңда дүниежүзінде трендке айналған этно және экотуризмді Қазақстанда жан-жақты дамытуға жол ашады. Ал біздің фермерлер ауқымды қолдауға ие болады», - Нұртас Кәріпбаев, ҚР ТСМ Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы.
Қазақстанда қысқы туризмді дамыту өзекті болып тұр. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Мәселен, жол бойына қонақүй салсаңыз, 10%-ін өтеп береді. Тіпті тау-шаңғы жабдықтарын сатып алсаңыз да, 25%-і мемлекеттен қайтарылады.
Қысқы туризмді дамытуда алты ай қыс қар жататын Арқада мүмкіндік мол. Бүгінде Бурабайда қысқы туризм дамып келе жатқаны белгілі. Ал жылына 40 мыңға жуық турист ат арытып арнайы келетін Қарқаралыда қажетті инфрақұрылымды тұрғызу енді қолға алынды. Жақында туристік спорт кешені жұмысын бастады. Облыс спортшылары оқу-жаттығу жиындарын шетелге шықпай-ақ, осында өткізу мүмкіндігіне ие болды. Дегенмен жергілікті кәсіпкер
Думан Бейсенаев: «Қарқаралыда туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жақсарту керек», - дейді. Думан Бейсенаев, кәсіпкер:
- Өзім Финляндияда болған кезде бірталай жобаны көріп келдім. Сол Финляндия елінде Лапландия деген жер бар керемет. Сонда қысқы туризмге сұмдық адам барады жаңағы Лапландияға. Сол кішігірім өзіміздің Қарқаралы, Бурабай, Баянауылда, сол жақтарда осы дүниелерді дамытуға болады. Шетелдіктерді де өзімізге, Қазақстанға тартып, шақыруға болады. Бірақ енді ол үшін жол дейді, коммуникация дейді. Соларды түзегеніміз жөн.
Қарқаралы – отбасымен қыдырып баруға ыңғайлы жер. Отбасылық саяхатқа Туризм және спорт министрлігі ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, Кids go free жобасы аясында 2 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ұшақпен тегін ұша алады. Осы уақытқа дейін 3400 бала бұл қызметтің қызығын көріпті.
Әрине, қалта көтерсе, жер көріп, ел аралағанға не жетсін?! Қазақстанда да көретін жерлер баршылық. Қазіргі міндет – сол барды ұқсатып, бабын табу.
Ақпарат дереккөзі: 24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через