Алматы қаласы қалыпты өмірге орала бастады

Алматы қаласы қалыпты өмірге орала бастады

       Алматыда бүгіннен бастап базарлар мен ірі сауда ойын-сауық орталықтары ашылады. Қоғамдық көлік саны артады, деп хабарлайды Standard.kz порталы Qazaqstan  Ұлттық арнасына сілтеме жасап. 

       Қала біртіндеп қалыпты өмірге түсіп келеді. Қала тұрғындары үшін маңызды нысандар қызметтеріне қайта кірісуде. Мәселен, қазіргі уақытта 79 жанар-жағармай құю станциялары жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта тағы көбейеді. 

       Көлік жүргізушілері ұзын-сонар кезектің азайғанына қуанышты. Бензин де тапшы емес. 

       10 қаңтардан бастап қалада 11 бағытта қоғамдық көлік жүре бастады. "Оңай" жолақы төлемі де іске қосылды.

       "Жолаушылар аз болып жатыр, 5-нен кейін бүгін шықтық. 2-айналым бара жатырмыз. 10-15 адамды тасыдық", - дейді автобус жүргізушісі Бақытжан Анарбеков.

       Бұл түске дейінгі жағдай болатын. Жаңалықты естіген жұрт көшеге шыға бастаған. Мобильділік басқармасының мәліметінше, автобустар кешкі 5-ке дейін 70 мыңнан астам жолаушыны тасымалдаған. Бүгін қоғамдық көлік саны тағы көбейеді. 41 бағытта 500-ден аса автобус жүреді.

       Автобустардың қатынай бастауы тұрғындардың базарға барып, емін-еркін азық-түлігін алуына да сеп болды. Кеше қаладағы 10 базар іске қосылған.

       Ал бүгіннен бастап мегаполистегі базарлар түгел ашылса, ірі сауда-ойын-сауық орталықтары да жұмысқа кіріседі. Тек әзірге 20 нысанның 14-і жанданады.Өртеніп, бүлінгендерін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.