Алматы облысы Көкөзек ауылындағы 130 отбасы баспанасыз қалу қаупінде тұр.
Телеарна мәліметінше, әкімдік бірнеше күн бұрын тұрғындарға үйлердің бұзылатыны туралы хабарлап, тұрғын үйлер газ құбырының жанындағы қызыл сызықта орналасқанын айтқан.
Шатырын тұрғызып, шаңырағына енді орналасқандар бұл жер телімінің қызыл сызыққа енгенін жақында білген. Ал заң бойынша ондай аумаққа құрылыс нысаны түспеуі керек екен.
"Алматы-Байсерке-Талғар газ магистральінің екінші тармағы өтетіндіктен бүкіл үйді сүрмекші. Бұл жерде мүгедек отбасы, жалғызбасты аналар, көпбалалы аналар бар. Енді 137 үйдегі 600-ден аса тұрғын қайда барады?" - дейді Көкөзек ауылының тұрғыны Жанар Сейітқожаева.
Пәтер жалдап тұратын тағы бір отбасы қар еріп, күн жылынса, "үйдің құрылысын бастаймын" деп қазық та қағып, құрылыс материалдарын сатып әкеліп, тасын да түсіріп қойған.
"Желтоқсан айында 6 соттық жерді 1,5 миллион теңгеге сатып алғанбыз. Көктемде құрылыс жұмысын бастаймын деп ойлағам", - дейді Көкөзек ауылының тұрғыны Мейрамхан Бекшетаева.
Ауыл әкімі "тұрғындарға бір жыл бұрын ескерттік" деп сендіреді. Оның айтуынша, жоғары қысымды газ құбыры түсетіндіктен, маңайында үй болмауы керек.
"Қарасай ауданы жер қатынастар бөлімімен тендер берілді. Бағалаушылар осы маңайдағы тұрғын үйдің құнын анықтайды. Соған сәйкес шығын өтеледі. Ал келіспесе, сот арқылы жүзеге асырылады. Келісіп жатқан отбасылар бар, олардың санын қазір нақты айта алмаймын. Жұмыс жүріп жатыр", - дейді Елтай ауылдық окургінің әкімі Біржан Махатов.
Көпшілік қызыл сызыққа үйлерден бөлек, мектеп пен дәрі-дәрмек шығаратын зауыт та түсіп тұрғанын айтады. Бірақ әкімдік өкілдері мектептің қауіпті аймақтан алыс жатқандығын айтып отыр. Дәрі шығаратын зауыттың да тек қосалқы ғимараты сүрілмек.
Tengrinews.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через