Алматы облысында мыңдаған адам суға артық ақша төлеген

Алматы облысында мыңдаған адам суға артық ақша төлеген
фото: sputnik.kz

Алматы облысында прокурорлар бірнеше монополистің қызметін тексеріп, халықтан артық ақша жинағанын анықтады. Прокуратураның мәліметіне сәйкес, "BeyazhTrans" ЖШС әкімшілік аумақтың географиялық шекарасын бұзып, бірыңғай тарифті 9 бірдей ауылға тықпалаған. Атап айтқанда, Жамбыл ауданында – 1 округ, ал Қарасай ауданы бойынша – 8 округ.

"Сонымен қатар екі ауданның халқын сумен қамтамасыз ету үшін әртүрлі су көздері пайдаланылған. Жамбыл ауданы прокуратурасының қадағалау актісімен Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының түрғындарын сумен жабдықтау тарифі 50%-дан астам мөлшерге, яғни 41,73 теңге/м3-ден 26,23 теңге/м3-ге дейін төмендетілді", - дейді прокурорлар.

Осылайша Жамбыл ауданы Қарғалы ауылының 30 мыңнан астам тұрғынының құқығы қорғалды.

Бұдан бөлек, "Талғар Су" мекемесінің су тарифі де тексерілді. Сөйтсе, басшылар Талғар қаласы Бесқайнар Қотырбұлақ пен Қызыл-Қайрат ауылдарының су тарифіне каналды тазарту шығындарын қосып жіберген. Ол нысан мекеменің балансына да кірмейді.

"Аталған заң бұзушылықтар бойынша прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, нәтижесінде тариф текше метр үшін 5 теңгеге төмендетіліп, 65000 азаматтың құқығы қорғалды",- делінген ресми хабарламада.

Қазақпарат