Алматы облысында 400-ге жуық отбасы жарықсыз отыр

Алматы облысында 400-ге жуық отбасы жарықсыз отыр
фото: https://sputnik.kz

Алматы облысында 400-ге жуық отбасы жарықсыз отыр

Алматы облысы Жамбыл ауылындағы 400-ге жуық отбасы жарықсыз отыр.

Ал ауылды жарықпен қамтып отырған жеке кәсіпкер бұл келеңсіздікке өзін кінәлі санамайды.

Жамбылдықтардың жарғақ құлағы жастыққа тимей жарық сұрап жүргендеріне жылдар болыпты.

"Өткенде бір ай өшті. Сол кезде жасап жатырмыз деген. Қар, жауын жауса, жел болса электр жарығы өшеді. Қазір балалар үйде тоңып отыр", – деді Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Динара Әметова.

Ал ауылды жарықпен қамтып отырған жеке кәсіпкер өзін кінәлі санамайды. Оның айтуынша, басқа компаниядан сатып алып, халыққа сатады екен. Электр қуатын елге сатқан кәсіпкер ауылдағы бағаналарды өзім жасаттым деп ақталды. Сондықтан тоқ қуатының құнын қалауынша қоюға құқы бар екенін айтады. Бірақ ауыл азаматтары жарық бағасымен келіспейді.

"Мен ақшамды төлеп отырмын, еш қатысым жоқ. Егер қазір иесіне айтсам, өшіреді де тастайды", – деді жеке кәсіпкер Бауыржан Оразәленов.

"Электр жарығының тарифі барлық жердегіден жоғары. Түнде сағат 02:00-де өшкеннен таңғы сағат 06:00-де ғана жанады. Ешқашан 15-20 минутқа өшкен емес", – деді Жамбыл ауылдық округінің тұрғыны Әсемнұр Алмата.

Жарықтың жиі өшуін электр стансасының жұмыстарымен байланыстырған делдал "жуырда жаңа трансформатор орнатамын" деп сендірді. Егер бұл тоқ торабы іске қосылса, жарық мәселесі шешілуі мүмкін.

"Машина тайғанап барып бағанды қағып кетеді, сондай жағдайда жарық өшеді. Ал басқа уақытта өшпейді. Оны бәрі біледі", – деді жеке кәсіпкер Бауыржан Оразәленов.

Ал Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасарының айтуынша, жеке тұлға мен кәсіпкер арасында жасалған шартта авариялық қызмет көрсету қарастырылса, жарық беруші компания олқылықты жөндеп беруге міндетті.

"Жеке трансформатор болғандықтан бағасын өздері қояды. Бұл кісілер тұтынушы болып отыр. Белгілі авариялық қызмет көрсету түрі бар ғой, солар ақау болса, жою керек", – деді Жамбыл ауылдық округі әкімінің орынбасары Ерсұлтан Жұмаханов.

Жеке жарық беруші компанияға көңілі толмаған тұрғындар арнайы комиссияға шығымдану арқылы мемлекет бақылуына өте алады екен.

Sputnik.кз