Алматы мен Астанада мүгедек жандарға инватакси 26 мың рет қызмет көрсетті

Алматы мен Астанада мүгедек жандарға инватакси 26 мың рет қызмет көрсетті
фото: sputnik.kz Инватакси, архивтегі фото

Мүгедек жандар агрегаторлар арқылы инватаксимен 26 мыңға жуық сапарға шықты, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

"Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға инватакси қызметін көрсету үшін такси агрегаторларын пайдалану жөніндегі пилоттық жоба басталғалы бері Астана мен Алматы қалаларында аталған қызмет 25,9 мың рет көрсетілді", - деп жазылған хабарламада.

Бүгінгі таңда пилоттық жобаға Астана және Алматы қалаларынан 441 адам қатысады.

Бұдан бұрын азаматтарға қызмет алудан бір күн бұрын телефон арқылы жазылу қажет болған. Бұл өз сапарын алдын ала жоспарлауға, инватакси беруді күтуге мәжбүр ететін.

Ведомствоның мәліметінше, инватакси қызметін ұсыну үшін көлік құралдарының жетіспеушілігі және тағы басқа да мәселелер бар. Шарттарды жеңілдету үшін осы қызметті көрсетуге қатысуға тиісті сұраныс алған такси агрегаторларын тарту бойынша пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Яндекс компаниясы пилоттық жобаға өтеусіз негізде қатысуға ниет білдірген.

"Инватакси қызметін азаматтар пилоттық жоба шеңберінде Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы қолдана алады. Жобаның ерекшелігі қызметті алушы үшін көлікті тезірек таңдау, онлайн режимінде тапсырыс мәртебесін қадағалау және сапарларды бақылаудың қарапайым жүйесі. Бұл қосымшада мүгедектігі бар адамдар жүргізушіге сапардағы ерекше қажеттіліктері туралы ескертуі үшін арнайы мүмкіндіктер экраны іске қосылды", - дейді министрлік мамандары.

Ал жүргізушілер адамды көлікке отырғызу және одан түсуде қалай көмек көрсетуге болатын секілді қажетті нұсқауларды алады.

Пилоттық жобаға алғашқы кезеңде Астана және Алматы қалаларынан мүгедек адамдардың фокус-тобы қатысады.

Қызмет көрсету оң нәтижекөрсеткен жағдайда жаңа форматта мүгедек жандардың басқа топтарына және еліміздің барлық өңірінде жүзеге асады.

ҚазАқпарат