фото: advantour.com
Алматы халықаралық әуежайындағы жаңа терминал құрылысының 65 пайызы аяқталды. Бұл туралы TAV Airports Holding компаниясының президенті Серкан Каптан қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесу барысында мәлім етті.
Серкан Каптан атап өткендей, қазір негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары 65%-ға бітті. Қолданыстағы терминалдың эстакадасы биыл 1 қыркүйекке дейін ашылады. Нысанды пайдалануға беру белгіленген мерзімнен бұрын – 2024 жылы жаз айларының басына жоспарланып отыр.
Қала басшысы инвесторға Алматы әуежайында қызмет көрсету сапасына қатысты бірқатар мәселені айтты. Алматылықтар мен қала қонақтары бірнеше сағаттық кезекті, жүкті ұзақ күтуді, көлік тұрағының жетіспеушілігін және тиісті шара қабылдауды талап ететін өзге де ыңғайсыз жағдайға тап болып отыр.
Серкан Каптанның сөзінше, жазғы каникул мен демалыс кезінде рейстердің көбеюіне байланысты қосымша кезек пен кептеліс байқалуы мүмкін. Әуежай әкімшілігі қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылдап отыр – жүк желілері жаңартылды, жаңа кондиция жүйелері орнатылды, жайлы автобустар сатып алынды.
Жаңа жолаушылар терминалы ашылған кезде әуежай әкімшілігі ескісін жаңартуды көздеп отыр. Осылайша, жаңа жолаушылар терминалы тек халықаралық рейстерге, ал қолданыстағы терминал ішкі рейстерге қызмет көрсетеді.
Алматы халықаралық әуежайын кеңейту жөніндегі ауқымды жоба жолаушылар терминалы мен жалпы мақсаттағы авиацияның жаңа ғимараттарын салуды, сонымен қатар эстакаданы, ұшу-қону жолағын және вокзал маңы аумағын қайта жаңартуды қамтиды.
Кеңес қорытындысы бойынша тараптар көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған бірлескен Жол картасын іске асыру туралы уағдаласты.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через