«Алматы апорты» қазақстандық бренд ретінде тіркелді

«Алматы апорты» қазақстандық бренд ретінде тіркелді
фото: gardenmart 24.com

       Әділет министрлігі отандық апорт құқығын шетелде заңмен қорғайтын болады. 

       Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді. Енді алматылық апорт шетелдік сауда орындарында сатылатын болса, географиялық көрсеткіші Қазақстан деп көрсетіледі. Бұл тізімге Түркістан шоколады мен Қарағанды балмұздағы да енді. Қазір Қызылорда күріші мен әміре қауыны, Түркістан қауыны, құрт, Жаңарқаның соғымы, Қоғалының картобы сияқты түрлі тауарларды ресми тізімге енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

       Талғат Уәли, ҚР Әділет министрлігінің ресми өкілі: 

       - Әділет министрлігі бизнес қауымдастыққа, өңірлік жергілікті атқарушы органдарға өңірлерде шығатын өнімдерді аталған тізілімге енгізу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әлі де «географиялық көрсеткіш» ретінде тіркелуге мүмкіндігі бар тауар бар. Негізінен географиялық көрсеткіш ауыл шаруашылығы, азық-түлік, өндірістік тауарлар мен қолөнер туындыларына қатысты қолданылады. Географиялық көрсеткіштің ұлттық брендті насихаттау және оны шет елдерде таныстыру кезінде маңыздылығы зор.

       Ақпарат дереккөзі: 24.kz