фото: onlookersmedia.in
Үндістан тұрғыны әлемдегі ең көп тісі бар әйел деп танылды және осы ерекшелігінің арқасында ол Гиннестің рекордтар кітабына енді.
Hindustan Times басылымының жазуынша, әлемдік рекордты 26 жастағы үнділік Калпана Балан орнатқан. Оның 38 тісі бар. Яғни өзге адамдарға қарағанда алты тісі артық. Ауызының төменгі жағында 4, жоғары жағында қосымша 2 тіс өскен.
Артық тістің өскенін ол бойжеткен кезінде байқаған. Осы жағдай Калпана үшін ыңғайсыздық тудырмаса да, ата-анасы оған тіс дәрігеріне барып, қосымша тістерді жұлдыру туралы кеңес айтқан. Алайда бұл әрекеттен қорыққан ол тістерін сақтап қалуды дұрыс деп санаған.
«Әлемдік Гиннесс рекорды» атағын алғаным үшін бақыттымын. Бұл – өмірімдегі басты жетістік», - дейді Калпана.
Ер адамдар арасында мұндай рекорд Канада тұрғыны Эвано Меллонеге тиесілі. Оның 41 тісі бар. Дегенмен, үнді әйелінің жолда тағы екі тісінің бар екенін айта кеткен жөн, соның арқасында ол өз рекордын жаңартуды жоспарлап отыр.
Медицинада артық тістердің болуын гипердентия немесе полиодонтия деп атайды. Статистикаға сәйкес, әлемде адамдардың 3,8 пайызында бір немесе бірнеше артық тіс бар. Гипердентия тістердің қалыптасу процесінің бұзылуы деп саналады, бірақ оның нақты себебі белгісіз.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через