Әлемдегі өмір сүру ұзақтығы ең жоғары елдер анықталды

Әлемдегі өмір сүру ұзақтығы ең жоғары елдер анықталды

Қазақстан тұрғындарының өмір сүру ұзақтығы бойынша әлем елдерінің ішінде 110-орында тұр. Зерттеу бойынша, елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 73,23 жасты құрайды.

 Адамдар өте ұзақ өмір сүретін елдерді анықтау үшін Ceoworld журналы NAPHSIS ақпараттық жүйесінің берген мәліметтері мен ДДҰ есебіне талдау жүргізген.

Әлем бойынша Гонконг тұрғындары ең ұзақ өмір сүреді. Олардың өмір сүру ұзақтығы – 84,63 жас. Үздік үштікке Жапония, Макао сынды Азия елдері жайғасқан. Ал төртінші орында тұрғындары орта есеппен 83,56 жыл өмір сүретін Швейцария тұр, одан кейінгі орынға Сингапур (орта есеппен 83,39 жас) орналасқан. Әлемнің кез келген жерінде әйелдер ерлерге қарағанда ұзақ өмір сүреді. Әйелдердің өмір сүру ұзақтығы 54,85-тен 87,53 жасқа дейін, ал ер адамдар орта есеппен 50,40-тан 81,75 жасқа дейін өмір сүреді. Әсіресе Сирияда әйел адамдар мен ерлердің өмір сүру ұзақтығында айырмашылық өте көп. Мұнда әйелдердің орташа өмір сүру ұзақтығы ерлерге қарағанда 11,80 жасқа ұзағырақ. Одан кейінгі орындарда айырмашылықтары 10 жылдан асатын Литва (11,19 жас), Ресей (10,73 жас) және Беларусь (10,04 жас) бар. Орталық Африка тұрғындары әлем бойынша өте аз өмір сүреді. Орташа өмір сүру ұзақтығы 52,67 жасты құрайды.