фото: https://adyrna.kz
Әлем елдерін қымбатшылық қысып барады
Еуропада нан қымбаттап, Түркияда электр ақысы күрт өсті. Экономика саласы ғана емес мәдениет пен өнер әлемі де зардап шегіп отыр. Алпауыт АҚШ-та қымбатшылыққа ұшырады. Мұнда баға 8,3 пайызға өскен. Еуропада инфляцияның кесірінен нанның бағасы күрт өсті. Соңғы деректерге сүйенсек, биыл оның құны орта есеппен 18 пайызға қымбаттаған. Мұндай өсім, әсіресе, Литва, Эстония, Словакия, Люксембург және Нидерландта байқалады. Көш бастап тұрған ел Венгрия, бұл мемлекетте нанның бағасы тіпті 66 пайызға өскен. Сонымен қатар қарт құрлықта ет, көкініс, сұйық май және басқа да азық-түлік қымбаттаған. Сарапшылардың сөзінше, бұл Ресей мен Украина арасындағы қарулы қақтығыстардың салдары. Қалыптасқан жағдай әлем нарығына кері әсерін тигізіп жатыр. Себебі Еуропаға астық, бидай, жүгері, майлы дақылдар жеткізетін ірі экспорттаушы осы елдер еді. ГЕРМАНИЯ; Қаржы дағдарысы өнер мен мәдениет әлеміне де кесірін тигізді. Мәселен, таяуда Берлинде өткен өнер апталығы аясында суретшілер күн көру үшін өз жұмыстарын арзан бағамен сатуға мәжбүр. Бұл жәрмеңкеге 20 елден 80-ге жуық галерея халық назарына ұсынылған. Дегенмен суретшілер еңбегіміз зая кетті, өнеріміз түк бағаланбайды деп шағымдарын жеткізді. АҚШ-та инфляция деңгейі шарықтап барады. Тамыз айының қорытындысы бойынша елде тұтынушылық баға жылдық есеп бойынша 8,3 процентке өскен. Ал бұл мамандардың болжағанынан әлдеқайда көп. Жергілікті тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама бойынша, америкалықтардың жалақысы күнделікті тамақ пен жолдан артылмайды. Инфляция кесірінен азаматтар пәтерақы мен медициналық шығынға ақша жеткізе алмай әлек. Сауалнамаға қатысқан жұрттың басым бөлігі, АҚШ экономикалық рецессияға жетуге шақ қалды дейді. Түркияда да қаржы дағдарысы белең алды. Бұл мемлекетте тамыз айында инфляция 80 пайыздан асып кеткен. Мұндай жағдай елде 1998 жылдан бері болмаған еді. Дегенмен, сарапшылар бұл көрсеткіш әлі де өсуі мүмкін дейді. Осылайша, Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстар бұл елге де кесірін тигізіп отыр. Қазір мәселен, Түркиядағы ең қымбат қала – Стамбұлда азық-түлік пен көлік секторындағы баға екі есеге шарықтаған. Пандемиядан кейін енді бас көтерген кәсіпорындар жаһанда электр энергиясының құны күрт өсуінен шығынға белшеден батты. Қыркүйек айының бастап елдегі табиғи газдың бағасы халық үшін 20 пайызға, бизнес үшін бірден екі есеге өсті. Егер жағдай түзелмесе, кәсіпкерлер өндіріс орындарын жабуға мәжбүр болады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через