Алаяқ 230 мың теңгеге киініп, бір тиын төлемеген

Алаяқ 230 мың теңгеге киініп, бір тиын төлемеген
фото: Bugin.kz

Байқоңыр ауданының Полиция басқармасы жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында сатушыны жасанды чекпен алдап соққан астаналық ер адамды анықтады. Ер адам сауда-ойын-сауық орталығында киім сататын бутикте болып, сатушыға мобильді қосымша арқылы тауарға төлем жасағаны туралы чекті көрсеткен.

Алаяқ бас киімнен бастап аяқ киімге дейін толық киім алған. Сол жерде жалпы сомасы 230 мыңнан астам теңгеге төлем жасағаны туралы чекті сатушыға көрсеткен. Сосын сатып алушы адам киім салынған пакетті алып, емін-еркін шығып кеткен. Қазіргі уақытта "алаяқтық" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, ер адам кінәсін мойындады.

Полиция кәсіпкерлікпен айналысатын қызметкерлердің чектерді қолдан жасап, алдап соғатын алаяқтардан сақ болуын ескертеді. Алаяқтар төлем жасағаны туралы жасанды чектерді көрсетіп сатушыларды оп-оңай алдап соғады.

Қазақпарат