Үкімет отырысында Премьер-Министр Шығыс Қазақстан мен Павлодар облысының әкімдіктері жылу маусымына дайындық туралы жалған ақпарат бергенін айтты.
"Біз қыркүйек айында осы мәселеге қатысты арнайы Үкімет отырысын өткізгенбіз. Сол кезде әкімдіктер жылыту маусымына сақадай сай дайынбыз деді. Әкімдер ешқандай проблема жоқ деп баяндады. Алайда, жалаң есеп пен жалған ақпараттың соңы тарихта болмаған сорақы жағдайға алып келді. 2 айдың ішінде екі бірдей ірі апат болды - Риддер мен Екібастұзда", - деді Премьер-Министр Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ, Өскемен, Рудный, Теміртау, Семей, Ақтау және Павлодар қалаларындағы жылу беру жүйесінде де ақаулар болған.
"Жылу жүйелері мен инженерлік желілердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін жағдайды қатаң бақылауда ұстап, шұғыл шаралар қабылдау қажет. Оларды кейінге шегеруге болмайды. Тексерулер басталды. Өңірлердегі нақты жағдай бұған дейін берілген ақпараттан да нашар болып шықты. Проблемалар жасырылып келді. Бөлінген қаржы жеткіліксіз болғандықтан жаңғырту мен сапалы жөндеу жүргізілмеген. Станциялар мен желі иелері жеткілікті инвестиция салмаған. Бізде қыс айлары өте қатал. Бұған дейін де апаттар болды. Бірақ саны жағынан, ауқымы жағынан да мұндай болған емес", - деді Әлихан Смайылов.
Stan.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через