Айыппұл 92 мың теңге. Шетел азаматына пәтерді жалға берерде не білу керек?

Айыппұл 92 мың теңге. Шетел азаматына пәтерді жалға берерде не білу керек?

Пәтер иесі үш жұмыс күні ішінде шетел азаматы жөнінде миграциялық полицияға хабар беруі тиіс.

Қазақстан тұрғындары шетелдіктерге заңсыз үй жалға бергені үшін жазаға тартылуы мүмкін. Олар ескерту алып қана қоймай, 92 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды. 

Пәтерді қалай заңды береді

1. Миграциялық полицияға хабарлаңыз.

Пәтер иесі шетел азаматы келсе, үш жұмыс күні ішінде ол жөнінде миграциялық полицияға хабар беруі тиіс:

  •  vmp.gov.kz — ҚР виза-миграция порталы, ЭЦҚ болса;
  • E-qonaq арқылы;
  • ХҚКО, өзіңіз тұратын жердегі миграциялық полицияға беріледі.

Әйтпесе, құзырлы орган ескерту жібереді.

Сонымен қатар, миграциялық заңнаманы бұзған шетелдікке пәтер жалға бергендерге қолданылатын жаза бар. Алғашында 25 АЕК (76,5 мың теңге) айыппұл салады. Бұл әрекет бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК (91,9 мың теңге) төлеуге тура келеді.

Қазақстан аумағында жүру мерзімін сақтамаған бөтен елдің азаматы да жазасыз қалмайды:

  • үш тәулік – ескерту;
  • үштен бес тәулікке дейін – 31 800 тг (10 АЕК).

Қазақстанда 10 тәуліктен артық заңсыз жүрсе, 79,5 мың тг айыппұл арқалайды не елден шығарылады.

2. Уақытын созу мүмкіндігін ескере отырып, 90 күннен аспайтын мерзімге келісімшарт жасау қажет.

"Шетелдікке баспана жалға беру ел тұрғынына беруден ерекшеленбейді. Бірақ үйіңізге ресейлік қоныстанса, елде визасыз жүру мерзімін ескеру керек. Сондықтан оның уақытша тұруға рұқсат алуына байланысты уақытын созу мүмкіндігін ескере отырып, 90 күннен аспайтын мерзімге келісімшарт жасауға кеңес беремін", – дейді Krisha.kz заңгері Бақыт Қасымбеков

Құрамына біздің елден бөлек РФ, Беларусь, Қырғызстан және Армения кіретін ЕЭО азаматтары 90 күн, басқа республика азаматтары 30 күн елде тұра алады. Содан кейін Қазақстаннан кетуге, ал тағы біраз қалғысы келсе, уақытша тұруға рұқсат алуға міндетті.

Рұқсат мынадай жағдайда беріледі: отбасымен табысу, оқу, емделу, бизнес-иммиграция, миссионерлік қызмет.

Мерзімі – уақытын созу құқығымен бір жыл. Оған өтінішті елге келгеніне 90 күн өтпей беру қажет.
Егер жатжерлік рұқсатнама не ықтиярхат алмаса, жалға беру келісімшартын бұзу керек.

3. Жалға беру келісімшартын міндетті түрде жазбаша жасаған жөн.

Құжаттың жазбаша үлгіде болуы міндетті. Ол ақы алу немесе мүлікке байланысты мәселе туындағанда құқығыңызды қорғауға сеп болады. Ал нотариус арқылы куәландыру өз қалауыңызбен жүзеге асатын шаруа.

4. Пәтер ақысын тек теңгемен көрсетіңіз.

Қазақстанның ұлттық валютасы теңге болғандықтан, барлық құжатта мәміле сомасы теңгемен көрсетілуі тиіс.

Informburo.kz