фото: qazweek.kz
Құрбан шалуға ниетті мұсылман қауымға қойылатын арнайы талаптар бар. Онымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Бауыржан Мансұров таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрбан шалу уәжіп болу үшін мына шарттар сақталуы қажет. Құрбан шалатын адамның ақыл-есі бүтін болуы, балиғат шағына толған, мұсылман болу, құрбан айт уақытында жолаушы болмауы керек. Сонымен қатар негізгі қажеттіліктен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яғни құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толуы шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, мал құлшылық мақсатында сойылады. Ал нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да кедей мұсылманның құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады», - деді Бауыржан Мансұров орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, маман құрбан шалудың уақытына аса мән беру керектігін ескертті.
«Құрбан шалудың уақытына келсек, оған мұқият болуымыз керек. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандық болып есептелмейді», - деп түсіндірді ол.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через