Air Astana әуе компаниясына 3 миллион теңге айыппұл салынды

Air Astana әуе компаниясына 3 миллион теңге айыппұл салынды
фото: https://sputnik.kz

Air Astana әуе компаниясына 3 миллион теңге айыппұл салынды

Биыл Air Astana жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін 9 миллион теңге айыппұл төлеген

Air Astana компаниялар тобына Fly Arystan орындайтын Алматы – Шымкент рейсі 15 сағатқа кешіккені үшін айыппұл салынды, деп хабарлады азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша Азаматтық авиация комитеті "Қазақстанның авиация әкімшілігі" АҚ-мен бірлесіп көптеген рейстің кешігуі мен жолаушылардың шағымына байланысты тексеру жүргізіп жатыр.

2022 жылдың 5 маусымында Air Astana компаниялар тобына кіретін Fly Arystan авиатасымалдаушысының Алматы – Шымкент бағытындағы КС-7105 рейсі 15 сағат 10 минутқа кешігіп келгені анықталды.

"Аталған рейстің жолаушыларына "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңның 86-бабы 1-бөлігінде көзделген қызметтер, атап айтқанда, қонақүйге орналастыру қызметі тиісті деңгейде көрсетілмеген", - деп хабарлады азаматтық авиация комитеті.

28 шілдеде әуе компаниясына қатысты "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама жасалып, оған сәйкес 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетері, Air Astana компаниялар тобына рейстің кешігуі кезінде жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін 7 және 21 шілдеде де 1000 АЕК (3 063 000 теңге) көлемінде айыппұл салынған.

Жалпы биыл рейстердің кешігуі кезінде жолаушылардың құқығын бұзғаны үшін Air Astana компаниялар тобы 9 189 000 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Мәтіндегі ақпарат туралы