Айлықты теңгемен алып, жарық ақысын доллармен төлейтін ауыл

Айлықты теңгемен алып, жарық ақысын доллармен төлейтін ауыл

        Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы ауылда жарық мәселесі 20 жылдан бері шешілмей келеді.

       Еліміздің Жамбыл облысында жұртта қалғандай күй кешкен Жауғаш батыр атындағы ауыл бар. Елеусіз қалған елдімекен Қазақстанда болғанымен, электр жарығы қырғызға тәуелді. Жел тұрып жарық желісі үзілсе, оны шекараның арғы жағында жалғаймын дегенше жарты ай өтеді, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

       Көрші мемлекетке күні қараған ел, электр энергиясы үшін тағы доллармен есеп айырысуға мәжбүр. Одан бөлек, ауылда медициналық пункт, мектеп деген атымен жоқ. Қазақстандық ұялы байланыс та жолға қойылмаған.

       "Жарық жоқ. Қырғызстанға тәуелдіміз. Мемлекетаралық тарифпен төлеп жатырмыз. 100 шаршы метр үшін 15 мың теңге төлейміз. Төлем жасау үшін шекара асу керек. Ол жақта теңгені долларға айырбастап, сосын төлем жасайды. Көнкөріс киын болып жатыр", – дейді Жауғаш батыр ауылының тұрғыны Өмірбек Оразбаев.

       Жарық жыры жұрт үшін ғана емес, ауыл ішіндегі әскери бөлімге де қатысты. Ел тыныштығын күзеткен Қаратау шекара заставасы генератормен жан бағып отыр. Бұл мәселе былтыр ғана аудан басшылығының есіне түссе керек. 532 миллионға құжат әзірлеп, салалық басқармаға жолдапты. Әлі мақұлданбаған жоба қолдау табам дегенше, құрылыс материалдарының құны қымбаттап бұл сомма да жетпей қалар түрі бар.

       "Қазіргі таңда 532 миллионды құрайтын жобалық сметалық құжаттар әзірленген. Салалық басқармаға бюджеттік өтінім берілген. Бүгінгі таңда қолдау таппай отыр", – дейді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Арғынбаев.

       Ал энергетика басқармасы бюджеттік өтінімді тиісті министрлікке жолдағанын жеткізді. Бірақ ол жақтан да жұртты жұбатар жауап келмеген.

       "Жобаны қаржыландыру үшін тиісті министрлікке өтінімді бірінші жартыжылдықта өткізген болатынбыз. Бүгінгі күнге жоба әлі қолдау таппады", – деді Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Алмас Омаров.