Аида Балаева су тасқынына қатысты расталған ақпаратқа ғана сенуге шақырды

Аида Балаева су тасқынына қатысты расталған ақпаратқа ғана сенуге шақырды
фото: https://azattyq-ruhy.kz

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ел тұрғындарын су тасқынына қатысты расталған ақпаратқа ғана сенуге және жалған мәліметтер таратпауға шақырды. 

«Қазір еліміздегі су тасқынымен күрес қарқынды жүріп жатыр және оның қаупі әлі бәсеңдеген жоқ. Қарғын сумен күреске қолдағы барлық күш пен резерв, адам ресурсы мен қажетті техникалар түгел жұмылдырылды. Су басқан өңірлердің тұрғындары, олармен бірге жиырма мыңнан астам волонтер мемлекеттік органдармен бірігіп жұмыс жасауда. Отандастарымыз ауызбірлік пен жанашырлық танытып, жұдырықтай жұмылып жатыр. Өз кәсібіне адал төтенше жағдай қызметкерлері, әскери қызметшілер, ішкі істер қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер тәулік бойы жұмыс істеуде. Қазір әрбір адам, әрбір техника мен еңбек күші өте маңызды. Көп ресурсты қажет ететін осы бір қиын сәтте біз ақпарат таратуда дәл осындай жүйелі түрде қимылдап, үлкен жауапкершілік танытуымыз қажет», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, өкінішке қарай, апаттар мен су тасқыны туралы жалған хабарларға байланысты құтқару бригадаларының жұмыс күші қажет емес жерлерге бағытталған жағдайлар да болды. Салдарынан ең қажетті уақыт текке кетті, ресурстар пайдасыз шығын болды.

«Ақпарат саласына жүргізілген мониторинг барысында біз жалған ақпарат болып шыққан 29 фактіні анықтадық. Ол хабарламалардың барлығы тиісті тексеруден кейін уәкілетті органдар тарапынан шынайы емес екені анықталды. Жалған ақпараттар көбіне мессенджерлер арқылы таралады. Ең көп тараған ақпараттар қатарына бөгеттердің бұзылуы, республикалық маңызы бар жолдарды су басуы, су қоймаларындағы, электр станцияларындағы және басқа да стратегиялық объектілердегі апаттар, ауыз судың ластануы, эвакуациялау орындары, қаражат жинау және төлеу туралы жалған мәліметтер жатады. Мәселен, Ақтөбедегі су қоймасы шлюздерін ашу туралы әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарады. Оны кейін Ақтөбе облысының әкімдігі жоққа шығарды. Қостанай облысының әкімдігі Б.Майлин ауданындағы Аят өзені арқылы өтетін көпірдің бір бөлігінің құлауы, сондай-ақ өңірдегі мал қорымдарын су басқаны туралы хабарламаны ресми түрде терістеді», - деді Аида Балаева. 

Министр осы фактілер бойынша төтенше жағдай қызметкерлері сол жерлерге арнайы барғанымен, ақпараттың расталмағанын ерекше атап өтеді. 

«Басқа жерлердегі шын көмекке мұқтаж жандар күтіп отыратынын, олардың арасында балалардың бар болуы мүмкін екенін ұмытпайық. Денсаулық сақтау министрлігі де су басқан аумақтарда жұқпалы аурулардың өршу қаупі және эпидемиологиялық қызмет тарапынан жағдайды бақылаудың жеткіліксіздігі туралы жалған ақпарат тарағанын мәлімдеп отыр», - деді ол.

Оның атап өтуінше, тасқыннан зардап шеккендерге арналған төлемдер туралы да әдейі жалған хабарламалар тарату үлкен қауіп төндіреді.

Аида Балаеваның атап өтуінше, бұл көрінеу жалған хабарламалардың барлығы мемлекеттік органдар арқылы жедел теріске шығарылып, барлық фактілер бойынша құқық қорғау органдарына хабарламалар жіберілді. Барлық анықталған заңсыз фактілерге құқықтық баға беру, жедел-іздестіру және іс жүргізу үшін материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

«Сондықтан тек ресми және расталған ақпаратқа сеніңіздер. Барлық күмәнді фактілерді бірнеше рет тексеріңіз және күмәнді хабарламаларды ары қарай таратпаңыз! Есіңізде болсын, барлық жалған хабарламалардың мақсаты — үрей тудыру, халықты жікке бөлу, мемлекеттік қызметтер мен волонтерлердің келісілген жұмысын ұйымдастыруды бұзу және қарапайым халықтың қайғы-қасіретін пайдаланып тез пайда табу. Сондай-ақ су тасқыны мен бұзылған өңірлерді қалпына келтіру шараларын объективті түрде жариялап жүрген БАҚ өкілдеріне арнайы алғысымды білдіргім келеді», - деді министр.

ҚазАқпарат