фото: metropole-voyage.com
Жаңа жыл басталар-басталмастан бізде ғана емес, әлемде қарбалас туады.
Дәл осы мезгілде жұрттың ұшаққа, пойызға билет таппай сандалып қалатыны да бар.
Курортқа ел кемінде ай бұрын жолдама іздейді. Сонда жұрт қайда асығады дейсіз ғой? Әлемде ең бірінші орында тұрған туристік мемлекет Франция екен. Париждің кереметін көру үшін жыл сайын 90 миллион турист ағылады.
Турист тартуда Франция алдына қара салмайды. Әйгілі мұнараның өзінен ел қазынасына жыл сайын 53 миллион еуро қаражат құйылып жатыр. Осыған қарап, басқа елдер де Париж болғысы бар. Дегенмен әр ел – өзінше бір әлем. Бір керемет.
Лапландия «лапылдап» тұр
Жаңа жыл қарсаңында Лапландияға ағылған адам қарасы көп. Ел астанасы Рования, яғни «Аяз ата» қаласына күніне 60 мың турист барады. Былтыр бір ғана Рования әуежайы миллиондаған жолаушы қабылдаса, биыл бұл көрсеткіш 2 есе артқан. Туризмнен ел қазынасына 437 миллион доллар пайда түседі. Алдағы 5 жылда ел билігі осы көрсеткішті 655 миллион долларға дейін арттыруға ниетті.
- Бұл қарлы мекенге келуді бала кезімнен армандайтын едім. Керемет әсерде тұрмын. Құдды ертегі әлеміне еніп кеткендеймін.
- Біздің елде қар жоқ. Жыл он екі ай жаз. Жағажайды жағалап шаршадық. Оның үстіне қызымның тәтті арманын орындағаныма қуанамын.
Аяз атаға хат
Лапландияға халық неге сонша құмартады?! Өйткені жыл сайын жер бетінде миллиондаған бала Аяз атаға хат жазады. Оның шанасына мініп, қолынан сыйлық алсам дейді. Лапландиялықтар осыны біледі. Аяз атасы да елдің көзін қызықтырып, ат-шанасымен одан сайын жүйткиді.
Қыстан жазға әп-сәтте...
Ал біздің қазақ бұл мезгілде арқасын күнге қыздырғанды тәуір көреді. Әсіресе Мысыр, Таиланд, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері – біздің елдің азаматтары үшін демалуға ең жайлы елдер. COVID-19 пандемиясынан кейін жаңа елдер есігін айқара ашты. Мәселен, Грузия. Бұл елге виза жасатып әлек болудың қажеті жоқ. 1 жылға дейін емін-еркін жүре аласыз. Шабаданыңыз дайын болса болғаны. Жалпы біздің азаматтар әлемнің 77 еліне визасыз саяхаттай алады.
Виза демекші, визасыз режимді биыл қараша айында ғана енгізген көршілес Қытайдың туризм саласында ілгерілеу бар. Бұл режим күшіне енген күннен бастап-ақ Еуропадан ағылған турист көп болды. 1 күнде 20 мыңға жуық адам барған. Қытай билігі бұл мемлекет үшін ұтымды шешім екенін айтады.
Ван Вэнбинь, Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі:
- Визасыз режим әзірге тек санаулы елдер үшін жұмыс істейді. Алдағы уақытта оның санын көбейтуге ниеттіміз. Өйткені елге келген саяхатшылар саны көңіл қуантады. Турист үшін бар жағдайды жасауға дайынбыз.
Демалуға жайлы үздік 10 ел
10 ел Traveller's Choice Awards халықаралық премиясының биылғы нәтижесі бойынша демалуға жайлы ел Куба екен. Рейтингтің екінші және үшінші орындарын Вьетнам мен Маврикий аралы иемденіп, олардың артынан Камбоджа мен Таиланд үздік бестікке енді. Кайман аралдары, Марокко, Әзербайжан және Непал да – саяхаттаушылар үшін тамаша орын. Ең көп сұранысқа ие туристік бағыттардың үздік ондығын Польша түйіндеді.
Ақпарат дереккөзі: 24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через