Адамзатты алаңдатқан мәселе елде қалай шешіліп жатыр?

Адамзатты алаңдатқан мәселе елде қалай шешіліп жатыр?

     Әлемдік проблемалардың біріне айналған қоқыс мәселесі қанша көтерілсе де, әлі бір ізге түсер емес.

     Дүниежүзілік банктің есебінше, 2050 жылға қарай әлемдегі тұрмыстық қалдықтың көлемі 3,4 млрд тоннаға жетеді. Демек, келешекте Жер планетасы үлкен қоқыс полигонына айналады. Бүгінде технология дамыған. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп немесе көзін жоя алатын мүмкіндігіміз болса, неге жыл сайын бұл мәселеге қайта орала береміз? Елдегі қоқыс полигондарының жағдайы қандай? Әлемдік тәжірибе не дейді? Сараптап көрейік.

     Адамзат барда еш уақытта таусылмайтын қор – қоқыс. Сарапшылар тұрмыстық қалдықтарды тұрмыстық, өнеркәсіптік, ауылшаруашылық, радиоактивті деп бөліп қарастырады. Сондай-ақ әр қоқыстың сақталу мерзімі мен қоғамға тигізер зияны болатынын ескертеді. Мысалы, газет, картон қағаздар – 3 ай, ағаш тақтайшалар, аяқ киімдер мен банкалар – 10 жыл, полиэтилен пакеттері – 100-200 жыл, пластикалық бөтелкелер – 200 жыл, шыныдан жасалған бұйымдар – 1000 жылдан астам уақытқа дейін сақталады. Олардың сақталу мерзімі ұзарған сайын ауаға сіңіп, адамдарға түрлі ауруларды таратады.

Елдегі қоқыс мәселесі туралы...

     Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде жыл сайын шамамен 4 мың тоннадан қоқыс жиналады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша 2 988,6 мың тонна қоқыс жиналды, оның ішінде ел бойынша қайта өңдеу үлесі 728,7 мың тонна (24%), (2021 жылы 4 214 мың тонна, оның ішінде қайта өңделгені (21%). 

     2018 жылдан бастап Экология министрлігі «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, қалдықтарды орналастыру орындарының ғарыштық мониторингін жыл сайын 1 мамырдан 30 қыркүйекке дейінгі кезеңде жүргізеді. 2021 жылы ғарыштық мониторинг шеңберінде 7 328 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісі анықталды, жою деңгейі 89% немесе 6740 объекті. Шымкент және Алматы қалаларының, сондай-ақ Атырау және Қызылорда облыстарының әкімдіктері анықталған апатты үйінділерді 100% жою бойынша жұмыс жүргізді. Бұл ретте, жою бойынша ең төмен көрсеткіштер Алматы (81%) және Маңғыстау (59%) облыстарында тіркелген.

     Сонымен қатар, 2022 жылы ғарыштық мониторинг аясында 5730 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды, оның 3509-ы жойылды, бұл 61%.

     Сондай-ақ, министрлік экологияны қорғау аясында жергілікті атқарушы органдармен қатты-тұрмыстық қалдықтар проблемасын шешу жөнінде белгілі бір шаралар қабылдау үстінде. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында Өскемен қаласында ҚТҚ бөлек жинауды енгізу бойынша «Жасыл Даму» АҚ-мен (бұрын «Оператор РОП» ЖШС-мен) пилоттық жобасы іске асырылды. Қарағанды облысында «Kaz Green Energy» ЖШС Кеңгір кентінде биоэлектростанция салу жоспарлануда, қуаты 5 МВт болады. Атырау қаласының сол жақ бөлігінен жеке инвесторды тарта отырып, ҚТҚ сұрыптап,қайта өңдеу Кешені құрылысын салу үшін «Промэкология» ЖШС-не 30 га жер учаскесі бөлінді. Кешен құрылысы мен инженерлік инфрақұрылымды жобалауға қажетті техникалық шарттар алынды.Кешенді іске қосу 2023 жылға жыл соңына жоспарланған. Қаланың оң жақ бөлігінен жеке инвестордын қаржысымен ҚТҚ сұрыптап қайта өңдеу Кешенін салу үшін «Гринсити» ЖШС-не 5 га жер учаскесі бөлінді. Күні бүгінде өндірістік цех пен әкімшілік тұрмыстық кешен ғимараттары салынып, келген жабдықтарды тиісті орындарына орнату жұмыстары, ғимараттарды сумен, электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Ақсай қаласында «Digitalisation and Resycling» ЖШС өз аумағында қоқыс сұрыптау кешенінің құрылысын бастады. Жобаның қуаты жылына 5000 тонна, Ақсай қаласы бойынша тұрмыстық қалдықтардың 25% сұрыптау мүмкіндігі бар (жылына 20-23 мың тонна қалыптасады) және болашақта 10-12 адам жұмыспен қамтылады. Жоба 2023 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр.

     Жалпы, Астанада тұрмыстық қалдықтарды жинау мен тасымалдау бойынша 2017 жылдан бастап Астана қаласы әкімдігінің «Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен» жасалған шарт талаптарына сәйкес, «Clean City NC» ЖШС-і атқарып келеді. 2018 жылы Елордада қоқысты екі фракцияда «дымқыл» және «құрғақ» болып бөлек жинау енгізілген. Бірақ қызметкерлердің айтуынша қала тұрғындары қоқысты сұрыптап жинауда аса ұқыптылық танытпайды.

     Таңнан бастап қала қоқыстарын жинауға кірісеміз. Одан қалса қала тазалығы үшін көшелерді қоқыстан тазартамыз. Астанада қыс ерте түседі. Арнайы техникалар қыста жолды қардан тазартуда белсенді жұмыс атқарады. Мұның бәрі еңбек. Сондықтан тұрғындар сол еңбекті бағалап, қоқыс шығарғанда сұрыптап тастауды әдетке айнадырса, - дейді Айдос атты қызметкер.

     Аталған компания елорда көшелерінде таңғы сағат 6:00 дан кешкі сағат 22:00 ге дейін екі ауысымда жүріп қызмет көрсетеді. Бүгінде компания базасында 66 қоқыс шығарушы көлік пен 22 техника бар. 

Әлемдік тәжірибе не дейді?

     Дамыған елдердің көбінде тұрмыстық қалдықтар тек қоқыс ретінде ғана емес, табыс көзі ретінде танымал. Негізінен қағаз өнімдерін, бөтелкелер, полимерлер, пластик өнімдерін қайта өңдеумен айналысады. 

Франция

     Қоқысты қайта өңдеп, кәдеге жарататын елдердің көшін Франция бастап тұр. Францияда қоқыспен күресуде қоқыс өртейтін кешенді зауыттар салынған. Мысалы, Париждегі Иври-сюр-Сен зауыты жылына шамамен 600 мың тонна қоқысты өртейді.  Олар қоқысты парализ әдісімен жоғары температурада күйдіріп, құрамындағы улы заттарды күлге айналдырады. 

Қытай

     Халқы көп, жері аз көршілес Қытайда қоқыс сұрыптау, қайта өңдеу үлкен бизнес саласына айналған. Онда қоқысты әр түрлі әдіспен сұрыптайтын көрінеді.Және тұрмыстық қалдықтардан қайта өңдеп, түрлі затты өндіріп, оны импорттайды.

Жапония

     Жапондықтар экологиясын сақтау үшін барын салатын елдердің қатарында. Онда тұрмыстық қалдықтарды өртейді, одан алынған энергияны жылыту үшін қолданады. Тұрмыстық техникаларды қайта бұзып өңдеу үшін жөнелтеді. Бұл елде әр жапондықтың үйінің алдында үш контейнер тұрады. Бірі пластмассаға арналса, екіншісі тағам, ал үшіншісі керексіз заттар үшін. Токио мен ірі қалаларда қоқыс контейнерлері қағаз, пластик, әйнек, темір, жанғыш, жанбайтын, қайта өндірілетін деп іріктеледі. Әр қалдықтың өзіне тиесілі түсті пакеттері болады. 

Германия

     Немістердің  әрқайсысының пәтерінде қоқыс жинауға арналған кемінде үш түрлі ыдыс болады. Ескі батарейкалар мен аккумуляторлар ерекше әдіс арқылы жоюды қажет етеді. Себебі онда жоғары токсинді улы заттар бары белгілі. Ескі киімдер арнайы контейнерге салынады. Мәселен, Германияда кез келген сусынның бағасына ыдысының құны қосылады. Босаған кезде оны өткізіп, ақшасын кері қайтарып алуға болады.

Қоқысты қайта өңдеу қалай жүргізіліп жатыр?

     Елімізде қоқысты қайта өңдеумен айналысатын кәсіпкерлерді бір арнаға тоғыстырған "KazWaste" қауымдастығы 2013 жылы кәсіпорындарға, мемлекет органдарына, жұртшылыққа қалдықтарды басқару саласындағы қызметті жүзеге асыру барысында туындап отыратын мәселелерді шешу ісінде көмек көрсету мақсатында құрылған. Қауымдастықтың құрамына жасыл экономиканы қолдайтын жеке кәсіпкерлер мен 30-дан астам ұйымдар бар. Қауымдастықтың басшысы Шынболат Байқұлов жыл сайын әр қазақстандық орта есеппен 250-360 кг тұрмыстық қалдық тастайды, бірақ әр аймақта қалдықтың құрамы әртүрлі екенін айтады.

     Мұнай бәрібір жақын арада таусылады. Міндетіміз – қалдықты айналымға енгізу. Мысалы, пластик өнім сынып қалса, оны жеті рет қайта өңдеуге болады. Бұл циркулярлық экономика, соған ұмтылуымыз керек, – дейді ол.

     Қазақстанның барлық өңірлері де тұрмыстық қалдықтарды жоюды жөнге қойған. Мысалы, осы айда Өскеменде 100 мың тонна қалдықты сұрыптауға мүмкіндігі бар заманауи сұрыптау кешені іске қосылды. 

     Қорыта айтқанда, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, сұрыптау мәселесі қашанда негізін жоймайтыны анық. Ең бастысы, әрбір азамат қоршаған ортаға деген тазалықты өз ауласынан бастаса. Қағаз өртенер, шыны қалыпқа келер, бірақ адам баласының ең басты құндылығы - мәдениеттілік пен тәрбиенің орнын сізден басқа ешкім қалыпқа келтіре алмасы анық.

Ақпарат дереккөзі