Жаңадан құрылған Абай облысының логотипі таңдалды.
Қыркүйек айының басында өңір әкімдігі облыстың үздік логотипіне байқау жарияланған. Арнайы құрылған комиссия конкурстың қорытындысын шығарып отыр. Комиссия құрамына қоғам белсенділері, өнер, БАҚ және Қазақстан Суретшілер одағының өкілдері енген.
Барлығы 28 автордан 47 жұмыс түсті. Дауыс беру нәтижесі бойынша «Семей көркем» жарнама агенттігінің жұмысы үздік деп танылды.
«Заманауи логотиптің стильді геометриялық сызықтары бар. Ұлы Абайдың Отанын ағарту мәдениеті тұрғысынан көрсету үшін жазу атрибуттарын қолдана отырып, білім мен мәдени ағартушылыққа баса назар аударылған. Бірегей түс схемасы аймақтың табиғи ландшафтынан алынған», - делінген облыс әкімдігі таратқан ақпаратта.
Ал екінші және үшінші орындарға «Артекс» компаниясы мен қала тұрғыны Ш.Ақанов ие болды. «Артекс» компаниясының нұсқасындағы А және О әріптері Абай облысының аббревиатурасын білдіреді.
«Ш.Ақанов жұмысында еліміздің рухани астанасы – Семей қаласы мен облыстың сәулеттік өнерінің маржаны – аспалы көпір бейнеленген. Комиссия барлық жұмыстарды эстетикалық және идеялық мазмұн тұрғысынан зерттеді», - делінген ҚазАқпарат хабарламасында.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через