"80 мыңды 500 мың қылып қайтардым": онлайн қарыз алғандар опық жеп қалғанын айтты

"80 мыңды 500 мың қылып қайтардым": онлайн қарыз алғандар опық жеп қалғанын айтты
фото: https://sputnik.kz

"80 мыңды 500 мың қылып қайтардым": онлайн қарыз алғандар опық жеп қалғанын айтты

Кредиттің жарнамасын бүгінде барлық жерден кездестіруге болады. Банктер мен микроқаржы ұйымдары түрлі тәсіл арқылы клиенттерді тартуға тырысып бағуда. Одан бөлек соңғы жылдары кредитті онлайн рәсімдеу сәнге айналғандай.

Онлайн алған кредиттің пайызы шарықтап тұр. Ондайда барыңды салып, қарыздан құтылуға асығасың. Асыққаның не, жапқан соң желкемнің шұқыры көрсін деп алып, қайта ораласың. Өйткені қазір үйге 30-40 мың теңгелік жиһаздың өзін ақшаға алғанша, кредитке рәсімдей салу өте оңай.

"Ай сайынғы кредиттің уақыты жақындап қалды. Айлықтың да ауылы алыс болды. Оның үстіне есептесем, шығындарым қолыма түсетін ақшадан асып кетті. Содан не керек, қаладағы "Айлыққа дейін ақша" деген бөлімшеге бардым. Содан тек төлқұжатымды сұрады. Қарызым бар ма, жоқ па, ештеңені сұрамады. Бар-жоғы 5 минут отырып, өзіме қажетті 50 мың теңгені алып, керегіме жараттым. Бірінші қарызды пайызсыз берді. Қолыма ақша түсе салысымен, бірден жауып тастадым".

Тұрақты табысы бар Еламан есімді азамат осылай деп ағынан жарылды. Ол алғашында кеңсеге барып немесе кассалық аппараттан ақша алып жүрген. Одан біраз уақыттан соң интернет арқылы рәсімдей бастады. Берешекті уақытылы өтеп отырған ол "онлайн банктің" сеніміне кіріп алды. Қысқаша қайырғанда, қарызды қарызбен жапты.

"Ең соңғы рет 80 мың теңге керек болды. Содан "Tengo.kz" сайтына кіріп, өтініш тастадым. Арада 10 минуттың ішінде ақша карточкама түсті. Бірақ қаржыдан қысылып, айлығымның кешігуіне байланысты 5 ай онлайн кредитті жабуға мүмкіндік болмады. Пайызы өсетінін іштей білсем де, 80 мың теңгені 500 мыңның айналасында қайтарамын деп ойламадым".

Уақытты ұттырып алған Еламан 80 мыңның жарты миллионға мыңға дейін жететініне сенбеген. Арыз айтып, шағым түсірейін десе, қаржылық ұйым туралы толыққанды мәліметі не байланыс тетіктерін таба алмайды. Салы суға кеткен ол ақыры 500 мың теңге беріп, кредитінен құтылған. Тәубесіне келіп, замандастарын кредит атаулыға жоламауға шақырады.

"Қаржыдан қатты қысылып, онлайн түрде 100 мың теңге алдым. "Быстрое одобрение" дегені сұранысыма сәйкес болып, соған кірдім. Сөйтіп жүріп бір айдың ішінде қарызым 300 мыңның үстіне шығып кетті. Онсыз да пәтер жалдап, өзім жалданып жұмыс істеп жүргенмін. Қарызға белшеден баттым. Келіншегім болса, төркініне біржола кетті. Амал нешік?! Тағы жылдам ақшадан рәсімдеуге ойланып едім, әлгі онлайн кредиттен кейін жүрегім шайлығып қалды. Қарыздан құтылып, енді банкке қарай мойын бұрмаспын деп шештім. Әлбетте, келіншегім оралды, қазір жағдайымыз жақсарды. Алайда қанша цифрландыру дегенімен, онлайн кредитке сенім жоқ. Қорқыныш басым", - дейді Саят есімді тағы бір тұрғын.

Онлайн кредит беретін ұйым атаулары да қызық. "Koke.kz", "Займер.кз", "Timezaim.kz", "bigcredit.kz", "Moneyman", "Kazbank"". Тізім осылай кете береді. Интернет арқылы рәсімделетін кредиттер 5000 теңгеден басталып, 2 000 000 теңгеге дейін ұласады. 5 күннен 30 күн аралығында кредит уақытын созуға мүмкіндік болады. Жасы 18-ден асқан кез келген азаматқа беріледі. Ол ол ма, біз тізбектеген онлайн кредит ұйымдарының жеке сайттары бар. Дизайны әдемі, көздің жауын алады. Бірінші рет тіркелушіге пайыз үстемесі 0 дегенінің өзі арбап тұрғандай.

Заңгерлер онлайн кредит беретін ұйымдардың қызметі заңға қайшы емес дейді. Олар барлық шарттары көрсетілген келісімді беруге тиіс. Ал өсім пайызы тым көбейіп кеткен кредитке қатысты арыздармен арбитраж соттары айналысады.

Мамандардың айтуынша, онлайн кредит берген ұйымның қарыз алушыға беталды хабарласып, мазасын алып, дөрекі сөйлеуіне жол берілмейді. Бұл Азаматтық кодекстің 718, 725-1 баптарымен реттелген. Дегенмен қазақстандықтар ұйымнан хабарласып, дауыс көтеріп сөйлейтін менеджерлердің бар екенін жоққа шығармайды.

"Қарызды рәсімдеудің ыңғайлылығы бар, бірақ мұндай кредиттің шарттарын зерделеуге және қарызды қай ұйым беретінін және оның тиісті лицензиясы бар-жоғын анықтауға мүмкіндік жоқ. Егер оның лицензиясы болмаса, онда азамат ешқандай қорғаусыз қалады. Ол кредитті өндіріп алушылармен сөйлесуге мәжбүр болады. Сандық технологиялар тез дамып келеді, бірақ жеке қауіпсіздікті де есте сақтау маңызды", – дейді екінші деңгейлі банк өкілі Қазыбек Дәрібайұлы.

Айтуынша, онлайн-сервис арқылы кредит алумен байланысты тағы бір тәуекел бар. Ол – кредиттелудің өсуі.

"Осындай кредиттерді рәсімдеуге байланысты маңызды мәселе бар. Олар адамның қанша кредит алғанын және қарыздарын төлеуге мүмкіндігі бар-жоғын ескермейді. Қарыз жүктемесінің шекті деңгейі бар екенін есте ұстаған жөн", – деп түсіндірді маман.

Егер "жалақыға дейін қарызға" қатты қажеттілік туса, онда сарапшы оны кездейсоқ сайттан емес, лицензияланған ұйымда ресімдеуге кеңес береді.

Мәселенің байыбына бару үшін интернетке "онлайн кредит алу" деп сұрау салдық. Қазақшасынан гөрі, орысша іздегенімізде сұрағанымыз алдымыздан лезде шыға келді. Бір емес, бірнеше ұйымның "оңай әрі тез" деген көз тартатын жарнамасы ақшадан қысылған адамды қаржы қақпанына шақырып тұр. Бірақ алмақтың да салмағы бар екенін кейін басқа түскенде білетін кей азаматтар онлайннан оңбай сүрініп жүр. Бірінің жүйкесі жұқарып, енді бірінің уайымға тереңінен түсіп, ем алуына мәжбүр болғаны да бар екен. Жалпы психологтар қарызды уайымдау адамның ойлау қабілетін тежейді дейді.

"Қарызды ойлап, кредитті уайымдайтын адамдар депрессияға салынып, болашақтан күдер үзіп, өзін-өзі жегідей жеуі әбден мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, әйелдер уайымға салынғыш болып келеді. Шектен тыс уайым ұйқының, тәбеттің бұзылуына әкеледі", – дейді психолог Азамат Бейсетов.

Халықтың екінші деңгейлі банктерді қойып, онлайн кредиттерді жағалауы заңдылық дейді мамандар. Себебі жылдам кредиттер қаптаған құжатты талап етпейді. Бар болғаны жеке куәлік пен банктегі есепшотыңыз болса жеткілікті. Бірақ микроқаржы ұйымдарының көбісінің жеке кеңсесінің болмауынан кредит рәсімдеу интернет арқылы жүргізіледі. Яғни, қарыз алушы адам мен ұйымның онлайн операторы арасындағы визуалды қарым-қатынас тұрғындарды түсінбестікке алып келеді.

Мән-жайдың анығына жету үшін кредит беретін кассалық аппарат пен ұйым кеңсесіне барып көрген едік. Алдымен "Жылдам ақша", "Оңай әрі жылдам рәсімдеу" деген жазумен арбап тұрған кеңсеге бас сұқтық. Отырғанымызда төлқұжат пен қанша қаржы керегін сұрады. Бетіңе күліп қараған менеджер іші-бауырыңа кіріп, пернетақтасынан әлденені тақылдатып, мәліметтерді енгізіп жатыр.

"1 айға 50 мың керек еді" деген сұранысымның пайыздық үстемесін қоса есептегенде 84 мың болды. "Потенциалды клиенттен" айырылып қалғысы келмеді ме, білмедім: "Сіз бізден кредит рәсімдемепсіз. Бірінші займ болғандықтан 52 мың қылып қайтарасыз", – деп тәтті сөздермен арбай түсті. Ақырын-ақырын "онлайн алатын халықтың қатары көп пе?" деген сауалға жауап алуға тырыстым. Тікелей жауап беруден жалтарса да, адамның аз еместігіне көз жеткіздік. Қаржыдан қысылған халықтың онлайнға оп-оңай келісім беріп, үстеме пайызды төлеп, микроқаржылық ұйымдардың қазынасын қампайтып отырғаны шындыққа жанасады. Содан не керек, басымыз бәлеге қалмай тұрғанда ол жерден ат-тонымызды ала қаштық.

Айтпақшы, мәжіліс депутаттары онлайн кредиттеуден бас тарту мәселесін көтеруде. Олар кепілсіз қарыз алудың оңай жолдары халықтың жаппай қарызға батуына әкеп соғатынын айтып дабыл қақты. Салдарынан көп адам өз мүлкінен, соның ішінде жалғыз баспанасынан да айырылып жатыр.

Микроқаржы ұйымдарында проблемалық қарыздардың үлесі жыл сайын артып барады. 2022 жылғы наурыздағы жағдай бойынша 1,2 млн қарыз алушының 435 мыңы несиесін төлей алмай жүр. Бұл тек микроқаржы ұйымдарының балансында тұрғандар ғана.

Бұдан бөлек 479 мың қарыз алушының мерзімі өткен несиесі немесе жартысынан астамы коллекторлық компанияларға сатылған. Осылайша микроқаржы ұйымдарының портфеліндегі проблемалық қарыздардың жалпы саны 914 мыңды құрайды.

Мәтіндегі ақпарат туралы