Мемлекет

50 миллион теңгеге үй алған шенеуніктерді не күтіп тұр?

  50 миллион теңгеге үй алған шенеуніктерді не күтіп тұр?

50 миллион теңгеге үй алған шенеуніктерді не күтіп тұр?

Жаңа заң бойынша басшылардың әйелі, балалары 50 миллионның үйін алған жағдайда ақшаның заңды жолмен келгенін дәлелдеуге тиіс.

Енді лауазымды қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелерінің қаржылық операциялары ғана емес, сатып алған үйлері де тексерілмек. Ол үшін жылжымайтын мүлік құны 50 миллион теңгеден асса жеткілікті. Осындай өзгеріс енгізілген заң жобасы  мәжілісте  қаралып жатыр.

Бұған дейінгі заңда 200 миллионның үйін алғандар ғана қосымша тексерілген екен. Енді ол сома төрт есе төмендетіліп отыр. Өйткені заңсыз жолмен табылған қаржы көбіне осы жылжымайтын мүлік арқылы ізін жоғалтады екен. Ал  лауазымды  қызметкерлер  санатына  мемлекеттіктен  бастап, квазисектордағы басшылардың бәрі жатады. Олардан бөлек, басшылардың әйелі, балалары 50 миллионның үйін алған жағдайда ақшаның заңды жолмен келгенін дәлелдеуге тиіс.

Жалпыға бірдей декларациялаудың бірінші кезеңінің нәтижесінде 500-ге тарта лауазымды қызметкердің 58 елдің банктерінде шоты бары анықталған. Қалталы шенеуніктердің көбі ақшасын Ресей, АҚШ пен Швейцария банктерінде сақтайды екен. 

"Ақшамен және басқа мүлікпен жасалатын операциялар бойынша мониторинг жүргізілетін адамдар тізімін президент бекітеді. Қаржылық мониторинг агенттігі бұл адамдардың, олардың отбасы мүшелерінің және жақын туыстарының жеке тізімін жасайды. Яғни еліміздің шенеуніктері мен олардың туыстары қаржылық мониторинг субъектілерінен тиісті қызметтерді алғаннан кейін, сонымен қатар шетелдік мемлекеттік қызметкерлерге қосымша тексеруден өтеді", - дейді мәжіліс депутаты Сергей Симонов.

 

 

Мәтіндегі ақпарат туралы

Достарыңызбен бөлісіңіз

Пікір қалдыру